Депутаттар Әбілқасымованы сұрақтың астына алды
Елімізде биылдан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмектің көрсетілуіне депутаттардың көңілі көншімей отыр. Тіпті, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға бюджеттен бөлінген қаржы дұрыс игерілмей жатыр. Ал, осы кезде жүздеген жанұя жәрдемақыға қол жеткізе алмауда.
Автор: Досжан Маратұлы
05.11.2018
Биыл атаулы әлеуметтік көмек үшін қазынадан 30 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ақшаның тек 19 миллиарды игерілді дейді. Жәрдемақыны аз қамтылған, көп балалы 100 мыңнан астам отбасы немесе 504 мың адам ғана алған. Бағдарлама бойынша бөлінген ақша әсіресе, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Астана,Алматы қалаларында дер кезінде жұмсалмай жатыр. Бұған әрине депутаттар наразы.
Кәрібай Мұсырман, Мәжіліс депутаты:
-Сіздің министрлігіңіздің деректері бойынша биыл 1 млн 145 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланған болатын. Алайда, іс жүзінде 9 ай ішінде аталған бағдарламаға 504 мың адам ғана тартылған. Бұл жылдық жоспардың 45 пайызын ғана құрайды. Аз қамтылған адамдарды көмекпен қамту деңгейі неге төмен?
Ал, Еңбек министрінің бұған жауабы дайын екен. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жәрдемақыға бөлінген ақшаның игерілмеуіне, аталған әлеуметтік көмекті алатын адамдардың қысқаруы себеп. Өйткені, кейбір отбасылардың табысы өскен соң, жәрдемақыдан қағылған. Сол үшін ақша артылыпты. Жалпы, министр жаңа форматтағы әлеуметтік көмек енгізілгелі халықтың жағдайы жақсарды деп сендіріп отыр.
Мәдина Әбілқасымова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың нәтижесінде өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері жақсарды. Қазақстанда кедейлік деңгейі 1996 жылғы 34,6 пайыздан – 2018 жылға дейін 4,7 пайызға қысқарды. Халықты жан басына шаққанда табасы 2001-жылдан бастап 2017 жылға дейін 10,8 есеге өсіп, 83 мың 53 теңгені құрады.
Ал, күні жәрдемақыға қарағандардың көбі Түркістан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарының ауылдық жерлерінде тұратын көп балалы аналар екен. Айта кетерлігі, енді Еңбек министрлігі аталған әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін қатайтамыз деп отыр. Өйткені, аяқ қолы сау болса да мемлекетке масыл болғандар да жетерлік.
Жалпы үш жәрдемақының орнын алмастырған жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек биылдан бастап енгізілген. Оны еліміз бойынша 650 мыңнан астам адам алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!