Уыстап дәрі ішіп жүктілігін жасырған: Астанада аяғы ауыр тағы екі келіншек көз жұмды
Өткен аптада айы-күні жетіп отырған 30 жастағы әйел өз үйінде мерт болған. Ал 38 жастағы ана перинаталдық орталықта жан тапсырыпты. Осылайша, биыл Елордада 7 әйел толғақ үстінде қайтыс болған. Соңғы екі оқиғада дәрігерлер марқұмдарды құтқару мүмкін болмағанын айтады.
Автор: Жәудір Оразхан
06.11.2018
Сәуле Мұқышева, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
-Алтыншы әйелдің баласы іште қайтыс болды. Жетінші әйел өлген баламен түсті. Бір жұманың ішінде бала қозғалмаған. Жалпы тоғыз айдың ішінде 128 бала шетінеп кетті.
Сот-медициналық сараптама 30 жастағы келіншектің миында туа біткен дерт барын анықтапты. Екінші қайғылы оқиға 4-ші қарашада болған. Астанадағы №2 перинаталдық орталыққа 38 жастағы келіншек ауыр хәлде түскен. Өкінішке қарай, дәрігерлер оны ажалдан арашалай алмады. Ал келіншек баланы некесіз көтерген. Марқұм жүкті болғанын туыстарынан жасырған және бір де бір емханаға тіркелмепті. Үш күн қатты ауырса да уыстап дәрі ішіп, үйінде жатқан дейді дәрігерлер. Жағдайының ушыққаны соншалық, тіпті бала ананың жатырында шіри бастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!