Депутаттар Біртановтан халықты бақсы-балгерлерден құтқаруды талап етті
Ғалымдар жануармен қатар адамға да медициналық зерттеу жүргізбек. Яғни, енді тышқан, қоянға ғана емес, балалар, аяғы ауыр әйелдер мен түрмелердегі жазасын өтеушілер де тәжірибеден өткізілуі мүмкін. Министр «Денсаулық сақтау туралы» заң жобасына осындай өзгерістер енгізіп, Мәжіліске алып келді. Құжатты талқылаған депутаттар Елжан Біртановқа адамды тірідей зерттеуден бөлек дәрі-дәрмек нарығы мен бақсы, балгерді де бақылауға кеңес берді.
Автор: Жәудір Оразхан
07.11.2018
Елімізде бұған дейін тірі адамға тәжірибе жасауға рұқсат болмаған. Денсаулық сақтау министрілгі осы тыйымды алып тастағысы келіп отыр. Жаңа заң жобасы күшіне енсе, жүкті келіншек, кәмелеттік жасқа толмаған балалар, қарттар мен әскери қызметкерлер және сотталғандарға медициналық клиникалық зерттеу жүргізіледі. Әрине, әр азаматтың жеке рұқсатымен. Яғни ғалымдар жаңа препаратты пайдалануға рұқсат етпес бұрын зертханаларда жануарлармен қатар адамға да тәжірибе жасамақ.
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
-Бұл зерттеулер біріншіден, түрлі науқастарға ең жоғары және жаңа технологиялық қолжетімділік мәселесін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстардың деңгейін көтереді. Мысалы, жүкті әйелдерге ем бойынша жаңа технологияларды зертету үшін, әрине, осы категорияның ішінде зерттеу жұмысын өткізу қажет.
Депутаттар еліміздегі дәрі-дәрмек нарығына да алаңдаулы. Біздің ақ халаттылардың науқасқа пайдасы болса да, болмаса да белігілі бір препараттарды тықпалайтын әдеті бар екен.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
-Жарнамаға қарасаңызшы. Түкке пайдасы жоқ дәрілерді шығарасыздар да, науқастардың басын қатырасыздар. Оны емхана, ауруханаға келгендерге фармакологиялық компанияларға қатысы бар дәрігерлер науқасқа жазады. Әңгіме осында болып тұр. Препараттарды бекітіп, оны жұртқа ұсынатын қандай комиссия? Кім жауапты?
Жаңа препаратты тіркеп, нарыққа шығаруға рұқсат ететін Денсаулық сақтау минстрлігіне қарасты Фармация комитеті екен. Негізі, бүгін депутаттар Елжан Біртановқа көп кеңес берді. Ахмед Мұрадов бақсы, балгерді бақылауға алуды ұсынды. Қасиетті су, шипалы балшықпен дертіңе дауа боламын деп, жұрттың қалтасын қағып жүрген жалған емшілерден депутаттар да хабардар екен.
Ахмед Мұрадов, Мәжіліс депутаты:
-Қазіргі емшілердің қолынан келмейтіні жоқ. Кез-келген аурудан айықтырамыз деп жазады. Ал қызмет құны өте қымбат. «Бәрі жақсы болады» деп дұға оқығаны үшін ақша алады. Ал нәтижесі жоқ. Оларды қадағалап, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мұны рететуге бола ма?
Мәжілісмен, тіпті, адам болашағын болжайтын көріпкелдерді санап, статистикасын жасауды ұсынды.
- Денсаулық сақтау туралы жаңа заңда «биобанк» жайлы да жазылған. Мәжілісмендер адам туралы генетикалық ақпарат, яғни тұқым қуалайтын ауру жайлы мәлімет сақталатын биобанкті ертеңге қалдырмай, шұғыл ашу керек дейді. Сондай-ақ, құжатта ел азаматтарына, оралмандар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға да медициналық көмек көрсетіледі делінген. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жіберді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!