ШҚО-да колледж басшыларының біраз былығы әшкере болды
Шығыс Қазақстандағы колледждер студенттерді жалған оқытып, гранттарды заңсыз тағайындаумен де айналысқан. Облыстық прокуратура қызметкерлері тексеріс барысында біраз былықтың беті ашылғанын айтады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.11.2018
Ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер колледжі оқу орнына тиесілі жер телімін жеке мақсатқа заңсыз пайдаланып келген. Тайшаптырым аумақтан ақылы автотұрақ ашып, ұзақ уақыт кәсібін дөңгелентіп келіпті. Енді, білім ордасының басшылығы прокурордың ескертуінен соң оны жаптық деп ақталып отыр. Тіпті, ол жерге спорт алаңқайын салуды жоспарлап қойыпты.
Айнұр Кәкиева, Абдуллиндер атындағы ШҚО өнер колледжі директорының орынбасары:
-Сол автотұрақтан түскен ақшаның барлығы училищенің коммуналдық төлемдеріне жұмсалды. Соңғы прокуратуралық тексерістен кейін, біз осы жерімізді қайтадан спорттық кешенге айналдырмақшымыз.
Ал кейбір колледждер өздеріне тиесілі жатақхананы студенттеріне емес, өзгелерге жалға беріпті. Сондай-ақ, заң бұзушылықтардың қатарында конкурстық рәсімдерді сақтамау, студенттерді жалған оқыту, гранттарды заңсыз тағайындау деректері бар. Тіпті оқытушылардың да біліктілігі талаптарына сай келмеген.
Мақсұт Тоқсанбаев, ШҚО прокурорының көмекшісі:
-Сонымен қатар, Күршім ауданы бойынша, 12 студент заңсыз оқығаны анықталды. Бүгінде ол бойынша, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
-Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, бұл студенттерге жалған баға қойып, оларға шәкіртақы төлеп отырған. Осылайша, заң бұзған колледждердің мемлекетке келтірілген шығыны 43 млн. теңгені құрайды. Бүгінде оның 36 млн. теңгесі өндіріліпті. Заң шеңберінде 60 адам тәртіптік жауапкершілікке, 4 тұлға әкімшілік жауапқа тартылғанын жеткізді. Ал, қызметтік тексеріс әлі жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!