Президенттің пәрменінен соң аймақтарда жылу мен жарық бағасы арзандай бастады
Жұрттың артығымен төлеп келген миллиардтаған ақшасын енді монополистер кері қайтарып әлек. Коммуналдық төлемдердің тоқтаусыз өсіп бара жатқаны соншалық, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше бұл мәселені Қауіпсіздік Кеңесін жиып, министрлерге қатты сын айтқан еді. Тарифтер қаншалықты арзандады?
Автор: Ербол Тұрымбет
08.11.2018
Астана қаласының тұрғыны, зейнеткер Әнуарбек Ысқақұлының айтар шағымы көп. Әжеймен бірге алатын зейнетақылары көп емес. Әйтсе де ай сайын келетін коммуналдық төлемдердің көлемі уақыт өткен сайын ұлғайып барады. Барынша ұқыптап тұтынса да түбіртектегі ақша 15-20 мыңнан кем түспейді дейді.
Әнуарбек Ысқақұлы, зейнеткер:
- Зейнетақымыз шамалы қосып жатыр, бірақ оны жарық, жылу алып кетіп жатыр. Не істейміз? Жарықсыз күн жоқ. Өйткені, тамағымызды үйде тоңазытқышта ұстап тұруымыз керек.
Зейнеткердің айтатынындай-ақ бар. Тек жарық ақысының өзі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қарайтындай жағдайға жеткен. Тәбеті артқан монополистер тариф ақысына өздерінің сыйақылары мен түрлі бонустар, іссапарлар ақысы, басқа да жеке қажеттіліктерін қосып жіберген. Ал оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Вопрос в том, что не прокуратура, а антимонопольный комитет должен был это выявить и привести в порядок. Вот выявленные нарушения на 8,5 миллиардов тенге, из них 3 миллиарда тенге по мерам прокуратуры уже компенсированы потребителям. А ты о чем говоришь? Они признали, компенсированы, а ты о чем говоришь?
-Жекелеген өңірлерді айтсақ, Маңғыстау облысында халық электр қуатына 8,4 миллиард теңге артығымен төлеген. Былық әшкере болған соң бірден 30 пайызға құны төмендетілді. Қарағанды облысында 1 миллиард 100 миллион, Астанада 1,4 миллиард негізсіз төленген.
Бағаны арзандатуға Президенттің қатаң тапсырмасы жетпей тұрғандай. Прокурорлық тексеруден кейін 15 өңірде электр қуаты мен жылу ақысы арзандаған. Алайда сондағы шенеуніктердің арзандаттық деп жар салғандары 70 тиын.
Мирас Зеріпбаев, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма сарапшысы:
- Астана қаласы бойынша Комитеттің аумақтық департаментінің шешімімен ағымдағы жылдың бірінші қарашасынан бастап «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС электр энергиясына бағасы 14,59 теңгеден 13,89 теңгеге дейін төмендетілді. Осымен тұтынушыларға бір жарым миллиард теңге мөлшерінде ақшасы өтелді.
-Прокурорлық тексеріс нәтижесінде жалпы ел бойынша 29 миллиард теңгенің бекер төленгені анықталған болатын. Бүгінде тарифтердің төмендеуінен бөлек, сол ақшаны сот арқылы қайтару жұмыстары басталып, 13 қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұның ішінде монополистермен қатар бағаны бақылаусыз жіберген шенеуніктер де бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!