Алматыда жалақысыз қалған құрылысшылар әкімдіктен көмек сұрады
Алматыда ала жаздай маңдай терін төккен жұмысшылар жалақыларын ала алмай жүр. Олар қаладағы жер асты өткелдеріне төрт айға жуық жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бірақ көк тиын да көрмедік дейді ашынған азаматтар. Ал мердігер компания жұмысшыларды келісім-шартсыз қабылдаған. Тек сенімхат жазып беріпті. Енді амалы таусылған жұмысшылар осы іске тапсырыс берген әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Автор: Әсем Лесбек
09.11.2018
Алматының жер асты жолдары жөндеуге көктемде жабылған болатын. Содан бері 20-дан астам жұмысшы, әкімшілік тапсырыс берген мердігер компанияға жалданып жұмыс істеген. Олар мына жер асты өткелдерінің сыртын жаңартумен айналысыпты. Яғни шатырын ауыстырып, темірлерін дәнекерлеп шыққан. Алайда олар жөндеу жұмыстары аяқталса да, жалақыларын алмаған.
Құнанбай Әміршаев, жұмысшы:
- Міне бәрін бітірдік. Рафа енді ақша бер десек уәдесі бітпейді. Сөйтіп жүргенде 3 ай өтті .
Жөндеу жұмыстары басталмай тұрып, тірлікі бітіре беріңдер келісім-шартты жасай береміз деген компания басшылығы ақыры бұл жігіттермен сөйлесуден де қалған. Жарты жылдарын жер асты өткелінде өткізген жұмысшылар күн өткен сайын мүлдем жалақысыз қаламыз ба деген үреймен жүр.
Дөненбай Әміршаев, жұмысшы:
-Маған беретіні 350 мың, жалпы жігіттердің бәрін қосқанда бережағы 2 млннан асып кетеді. Біздің бала-шаға бар, кредит бар, пәтерақы төлеу керек .
Құрғақ уәдеге тойған жұмысшылар кімге шағымданарын да білмейді. Өйткені аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар, бірақ селт еткен ешкім жоқ дейді. Ал, мердігер компания басшысы жұмысшыларды мүлдем елемейтін көрінеді. Әкімдіктегілер болса, мердігерге ақшаны беріп қойғанын айтады.
Дәурен Халықов, Әуезов ауданы абаттандыру бөлімінің бас маманы:
-Бұл кісілер толықтай жұмысын істеді. Мердігер мекеме толықтай жұмыстарды аяқтады, соған байланысты бізде бүткіл жұмыстар қабылданып, келісім-шарттағы сома толықтай төленді. Енді бас мердігерден талап етеміз.
Неліктен уақытылы төленбегенін анықтаймыз деген әкімдік өкілдері жұмысшылардың біраз амалдай тұруын өтінді. Ал жалақысын даулаған жігіттер тез арада айлығымызды алмасақ сотқа жүгінеміз бекініп деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!