Дипломмен ауылға барғандар жәрдемнен қағылды
Алматы облысында мемлекеттік бағдарламамен шалғай ауылға шақыртылған 8 бірдей дәрігер жарты жылдан бері жалдамалы пәтерлерді жағалап жүр. Жастарға, тіпті, тиесілі 160 мың теңге жәрдемақысы да әлі күнге дейін берілмепті. Айлықтан айлыққа әзер жететін ақ халаттылар енді әрі қарай қалай күнелтерін білмей әлек. Өйткені көбі ауылға дипломмен ғана емес, отбасымен барған.
Автор: Аруна Ортай
09.11.2018
Ерлан Ерболұлы Қарабұлақ ауылының маңдайына біткен жалғыз терапевт. Ол күндіз сырқаттарды емханада қабылдап, ал түнде шақыртуларға шығады. Науқастарға дер кезінде жетіп, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген жас маман, өкінішке қарай, өзі көмек күтуге мәжбүр.
Ерлан Ерболұлы, терапевт дәрігер:
-Өзім пәтерде тұрып жатырмын. Бірақ құжаттарымды жинап өткізіп қойдым. Кредит алуға.
Ерланның «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылға жеткеніне жарты жыл болса да, әлі күнге дейін баспана алуға тиесілі қаржысын ала алмай жүр екен. Ол тұрмақ, 160 мың теңгелік бір реттік көмегі де сол күйі берілмеген. Ерланнан өзге тағы 7 бірдей дәрігер дәл осындай күйде. Айлығы шайлығына жетпей, кісі үйін паналап жүр.
Айбек Ұсабаев, терапевт дәрігер:
-Үкімет бізге несие ретінде процентсіз несие береміз деді. Және көтермелі жәрдемақы және несие. Оны біз қазіргі таңда құжаттарымыздың бәрін өткізіп қойдық. Қазіргі таңда күтіп отырмыз.
Бұл ақ халаттылардың әрқайсысы ауылда алтынға бергісіз мамандық иесі. Бірі гинеколог болса, енді бірі тек облыстық орталықта ғана бар көз маманы. Алайда, орталыққа жақын тұратын атқамінерлер оларды бағалауға асықпайтын сияқты.
Серік Төлепбергенов, Алматы облысы Ескелді ауданы әкімдігінің бөлім жетекшісі:
-Биыл екі дәрігерге жәрдемақы берілді. Ал үшеуі үй алуға пайызсыз несие алды. Қалғандары келесі жылға қалып отыр. 8 маманның бәрі де тиесілі жәрдемақысы мен несиесін алады деп жоспарлап отырмыз.
Бір жарым айдан кейін кіретін келесі жылға сілтегендер көмектің нақты қай айда көрсетілетінін дөп басып айта алған жоқ. Есесіне, тағы да жас мамандар шақыртылады деді. Дегенмен, ол мамандардың да дипломмен ауылға келіп, далада қалмасына кепілдік болмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!