Қасымов өрт сөндірушілердің қиын тұрмысы жайлы айтты
Бүгін депутаттар үйсіз-күйсіз отырған өрт сөндірушілердің мәселесіән қозғады. Мәжілісмендердің айтуынша, жұрттың отқа оранған баспанасын құтқарамын деп жүгіріп жүргендердің көбінің өз үйі жоқ. Ал жұмысының аса қауіптілігіне қарамастан, Үкімет оларды жалақыға жарытпай қойған. Бүгін төменгі палатада құтқарушылардың материалдық жағдайы, тілсіз жаудан көз жұмғандардың саны мен апаттың алдында тұрған деполар сөз болды.
Автор: Жәудір Оразхан
12.11.2018
Елімізде жылына кем дегенде 15 мың өрт тіркеледі екен. Тілсіз жау көбіне тұрғын үйлерде тұтанады. Ал адамды, жұрттың жанып жатқан үйін аман алып қалу үшін өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, тәуекелге барғаны үшін құтқарушы айына 65 мың теңге алады. Тек талай жыл жұмыс істеп жүргендердің жалақасы 118 мыңға әрең жетеді. Әрине, мұндай табыспен өрт сөндірушінің бүгін-ертең өз үйі болмайтыны түсінікті.
Дания Еспаева, Мәжіліс депутаты:
-Әрбір төртінші өрт сөндіруші үйсіз жүр. Төмен жалақымен ипотекалық «7-20-25» бағдарламасына да қатыса алмайды. Оларға еңбекақыдан бөлек тұрғынүй-коммуналдық қызметке деп бары-жоғы 2 739 теңге өтемақы төленеді. Әрине, бұдан кейін маман тұрақтамайды.
Соңғы бес жылда 6 құтқарушы жұмыс барысында көз жұмған, 78-і жарақат алған. Ішкі істер министрі депутаттың сауалынан кейін өрт сөндірушілердің баспаналы болуына жағдай жасаймын деп уәде бермеді. Бірақ жалақы 10 пайызға өсуі мүмкін. Ол үшін бюджеттен жылына қосымша 4 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Бұл аздай, құтқарушылар өздеріне тікелей тиесілі бірнеше міндеттен шеттетілген. Қалмұханбет Қасымов бәрінен бұрын соны уайымдап отыр.
Қалмұханбет Қасымов, Ішкі істер министрі:
-2011 жылы өртке қарсы қызмет құрылыстың жобалық құжатын бекітетін комиссияның құрамынан шеттетілді. 2016 жылдан бері құтқарушылар жаңадан салынған нысандарды қабылдап алуға қатыспайды. Соның салдарынан қазір жаңа ғимараттарда өрт қауіпсіздігіне қатысты өрескел заңбұзушылықтар анықталуда. 64 нысан қауіпті күйде пайдалануға берілген.
Құзыры қысқарған өртке қарсы қызметке тексеруден қашқан кәсіпкерлер де сан айла қолданады екен.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Көптеген кәсіпкер компаниясын қайта құрады да, тағы жеңілдік алады. Яғни, оларды үш жыл тексеруге құқығымыз жоқ. 2017 жылы дәл осылай атын өзгерткен 1100, биыл 800 нысанды тексере алмадық. Заңға өзгеріс енгізуді ұсынамыз.
Төтенше жағдай қызметі үш айда еліміздегі 1200-ден астам сауда орталығын, түрлі нысанды тексерген. Олардың 23-інде ғана өрт қауіпсіздігі толық сақталған. Қалғаны қауіпті күйде тұр.
-Сауда орталықтарын айтпағанда, өрт сөндіретін деполардың өзінің жағдайы мәз емес. Құтқарушыларға арналған ондаған қойма апаттың алдында тұр дейді министр. Сондықтан, қала, ауылдарда жүзден астам жаңа депо салу керек. Ал, тілсіз жаудың кесірінен көз жұмғандар жыл сайын көбейіп жатыр. Үш жылда 1410 адам мерт болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!