Елімізде тесттен сүрінген мұғалімдер үстемақы алмайды
Елімізде жалақысын көтеру үшін ұйымдастырылған тесттен 17 мың мүғалім өте алмай қалды. Биылғы тестілеуге 51 мыңнан астам педагог қатысып, оның 34 мыңы сынақты сәтті тапсырған. Қалғаны одан сүрініп, жалақыларына қосымша үстеме ақы ала алмайтын болды. Ал мәжілістегілер ұстаздардың айлығы тестілеусіз-ақ көтерілуі тиіс дегенді алға тартады.
Автор: Әсем Лесбек
12.11.2018
Марина Кузнецова бастауыш сыныбының мұғалімі. Ол мектеп қабырғасында 30 жылдан аса қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жоғары санаттағы маман, биылғы біліктілік тестілеуіне қатысып, бағымды сынап көрдім дейді.
Марина Кузнецова, бастауыш сыныбының мұғалімі:
-Сынақ барысында сұрақтар аса қиын болмады. Кейбір сауалдар ғана өзіме таңсық болып көрінді. Алайда мұқият оқып, асықпай қарап шықсаң, бәрі де түсінікті деп ойлаймын.
Ал ұлттық біліктілік тестілеуі 100 сұрақтан тұрады. Оны тапсыруға 3 сағат уақыт берілген. Марина Кузнецованың сынақтағы нәтижиесі - 88 ұпай. Ол бұл көрсеткішпен аттестацияны сәтті тапсырған 34 мың мұғалімнің қатарына кірді. Білікті маманға енді үстеме ақы төленуі мүмкін.
Марина Кузнецова, бастауыш сынып мұғалімі:
-Тестілеуден бұрын жеке портфолиямды өткізіп, өзімді таныстырдым. Кейін арнайы комиссия қарауынан өтіп сол бойынша қай дәрежеде сынақ тапсыра алатыным анықталады.
Ал сынақтан сүрінгендер саны еліміз бойынша 17 мың. Мәжіліс депутаттары болса, мұғалімнің жалақысын, біліктілік тестілеуден алған ұпайына қарап көтеру дұрыс емес дейді.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
-Бұл орайда мектеп қабырғасында бірнеше жыл қызмет жасап келген мұғалім мен жаңадан келген мұғалімнің айырмашылығын ескеру керек. Олардың жалақысы сынақ арқылы емес, мемлекет бекіткен қаражат бойынша болуы керек. Ал жас маманның өзі кемі 161 мың жалақы алуы тиіс.
Сондай-ақ, депутаттар аттестациялау кезіндегі сұрақтарға қанағаттанбайды. Мұғалімнің білімін 3 сағат тестілеудегі 100 сұрақ анықтап бере алмайды дейді ол. Ал білім министрлігіндер бұл жолы өте алмағандардың екінші рет тапсыруға мүмкіндігі бар дейді.
Зейнеп Мақсұтова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары:
-Осы жолы тестілеуден өте алмаған ұстаздар сынақты келесі жылдың мамыр айында тапсыра алады. Егер сол кезде оң нәтижие берсе, онда бекітілген категорияға байланысты жалақыға 30-50 пайыз қосымша үстеме ақы қосылады.
Ұстаздар үшін жалақы өсірудің тағы бір жолы - ағылшын тілін үйрену. Шет тілдерін білетін педагогтарға мемлекет қосымша 35 мың теңге береді. Ал осындай біліктілікті арттыратын тестілеулер оған 50 пайыздай үстеме ақы қосады. Ал сынақтың екеуінен де сүрінгендердің тағы бес жыл төмен жалақымен күн көруіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!