Денис Теннің конькиі мен қолғабы көрмеге қойылды
«ДиТен Уорлд»! Астанада осындай атаумен Денис Теннің ең жарқын сәттері бейнеленген көрме өтіп жатыр. Қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде ашылған көрмені Елорда тұрғындары алдағы бір апта бойы тамашалай алады.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.11.2018
Онда даңқты жерлесіміздің түрлі халықаралық жарыстар мен Сочи Олимпиадасында өнер көрсеткен сәттері көрсетілген. Конькиі, қолғабы сынды жеке заттары да бар. Ұйымдастырушылар осы арқылы әйгілі мәнерлеп сырғанаушының жеке әлемін паш етуді көздеген. Орталық экранда «Денис және оның достары» атты дәстүрлі шоуында оның бейнесі келгендерді жарқын көрінісімен қарсы алады. Ал көрменің қақ ортасында тұрған қызыл костюм мен таяғы көпшілікке жақсы танымал. Ол соңғы рет осы киіммен Астанада маусым айында әлдемдік жұлдыз достарымен бірге өнер көрсеткен еді. Айта кетейік, әлемде Денис «ДиТен» деп танылған.
Елена Радионова, Ресей мәнерлеп сырғанаушысы:
-Бала күнімізден бір-біріміздің жетістіктерімізді көріп, жақын араласып, дос болып өстік. Қазір де оның жас дарындарды қолдау дейтін бастамаларының бірін қолдап келем. Жақында ғана Алматыда оның академиясында болып, балаларға шеберлік сағатын өткіздім. Мен одан ылғи үлгі алатынмын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!