Ескендір Сүлейменовті қағып өлтірген полковниктің қызы жазасын қоныс колониясында өтейтін болды
Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің жиен немересі Ескендірді қағып өлтірген полковниктің қызына үкім шықты. Астана соты Мәлика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ жазасын тәртібі жеңіл қоныс колониясында өтейді. Айыпталушы марқұмның ата-анасынан сан рет кешірім сұрағанымен, Ескендірдің жақындары жіби қоймады.
Автор: Жәудір Оразхан
13.11.2018
Процесс басталғанша Мәлика Мұхитова мен оның жақындары іштей бір үміт, бір үреймен алысқандай. Қызылорданың бас полицейінің қызы сот залынан босап шығудан үміттенетіндей көрінді. Алайда судья Мұхитованы кінәлі деп таныды.
Қанат Тобағалиұлы, судья:
-Мәлика Мұхитова Қылмыстық кодекстің 345 бабы 3-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ол жазасын жеңіл тәртіптегі колонияда өтесін. Және 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылсын.
Бірақ кепілақы төлеп сотқа үйінен қатынап жүрген Мәликаның қолына кісен салынбады. Мұхитованың бұрын сотталмағаны, жастығы мен кінәсін бірден мойындап, кешірім сұрағаны ескеріліпті. Енді апелляциялық шағымды қарау мерзімі біткенше үйінде болады. Алайда оның адвокаты бұл үкімді аса ауыр деп отыр.
Дмитрий Куряченко, адвокат:
-Міндетті түрде сотқа қайта арызданамыз. Апатқа Ескендірдің де қатысы болғанын ескеруді сұраймыз. Ол да жылдамдықты асырған. Мәселен, Омбылық сарапшылар мотоцикл сағатына 116 шақырым жылдамдықпен жүрген деген қорытынды жасады.
Негізі, Мәлика Мұхитова процес басталғаннан бері Ескендір Сүлейменовтің жақындарынан кешірім сұрап келеді. Сотталушы соңғы сөзінде де «бас бостандығымнан айырмаңыздар» деп жалынған.
Мәлика Мұхитова:
-Сіздерден кешірім сұраудан жалықпаймын. Кешіріңіздерші. Әдейі адам өлтірген жоқпын. Байқамай қалдым. Сол күннен кейін өмірімнің астаң-кестеңі шықты. Ескендір түсіме кіреді. Бас бостандығымнан айырмаңыздаршы, өтінемін?!
Бұған 26 жастағы баласынан айырылып қалған ата-ананың жүрегі жіби қоймады. Керісінше, Мұхитоваға қатаң жаза кесуді сұраған. Бүгін сотқа Ескендірдің анасы, яғни белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің қызы да өзі де келмеді. Процеске марқұмның әкесі мен адвокаты қатысты. Ал үкімге қатысты олардың қорғаушысы жақ ашпады.
Қайғылы оқиға жазда Елорданың қақ ортасында болған еді. Мотоцикл мінген ақынның немересі Ескендір «Hyundai» көлігіне соғылып сол жерде көз жұмды. Темір тұлпарды Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының "Самұрық Қазынада" істейтін 29 жастағы қызы Мәлика Мұхитова тізгіндеген.
-Бұған дейін Ескендір Сүлейменовтің туыстары айыпталушыдан 15 миллион теңгеге жуық материалдық өтемақы талап еткен еді. Бірақ жәбірленуші жақ бұл арыздарын кейін қайтарып алған. Ал Мұхитова үкім күшіне енген соң, яғни 15 күннен кейін абақтыға жабылады деді судья. Ол жазасын қоныс колониясында өтейді. Екі жыл бойы күндіз үйінде жүруіне болады. Бірақ міндетті түрде түрмеде түнеуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!