Доллар қайта қымбаттап барады
КАSЕ қор бижасында доллар қымбаттап барады. Қараша айында доллардың тасы өрге домалады десек болады. Соңғы бір аптаның өзінде төл ақшамыз бірден 5 теңгеге құнын жоғалтты.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
14.11.2018
Ал жыл басынан бері ұлттық валютаның бағамы 12,7 пайызға төмендеген. Бұл шамамен 45 теңгеге құнсызданды деген сөз. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында 1 доллар орташа 329-332 теңгеге тұрақтаған. Ақпан, наурыз, сәуірде сәл нығайған төл ақша жазда қайтадан шатқаяқтап, долларға қатысты құны 340 теңгеден бір-ақ асты. Ал, бүгінгі көрініс тіптен көңіл көншітпейді. Сарапшылар бұл үлкен дауылдың басы ғана деп отыр. Сондықтан сырттан келетін тауарларға шектеу қойып, отандық өнімді көптеп шығару керектігін айтады.
Жангелді Шымшықов, сарапшы:
-Долларға деген сұраныс көбейсе, онда доллар қымбаттайды. Теңге құнын жояды. Импортерлар долларға ылғи сұраныс жасайды. Соның салдарынан теңге тағы құнсызданады. Импорттан тәуелділігімізді жоятын болсақ, теңге нығаяды.Теңге валюта ретінде негізгі қызметін атқара алмай отыр.
Ал Ұлттық банк АҚШ федералды қоры пайыздық мөлшерлемені көтеріп, инвестицияның дамушы елдер нарығынан Америкаға кетуінен доллар күшейіп жатыр дегенді алға тартқан-ды. Тіпті, Бас Банк соңғы үш айда төл валютаны девальвациядан құтқару үшін екі рет интервенция жасады. Ұлттық қордан бөлінген 720 миллион доллар теңгенің теңселуін уақытша ғана тоқтатқандай. Қазір қара алтынның бағасы да күрт төмендеді. Бүгінде Brent маркалы мұнайдың бір барреллі 66 долларға жетеғабыл. Осылайша, биржадағы баға бірден 6,6 пайызға арзандады.
Осы орайда, экономистер мұнайдың арзандауы теңгенің құнсыздануына әсер еткен факторлардың бірі дейді. Қазіргі уақытта ақша айырбастау орталықтарында бір доллар орташа 377-378 теңгеден сатылып жатыр. Ал Қазақстан билігіне Солтүстіктегі көршімізге тәуелді нарықтарды саралап, ел ішіндегі қаржы нарығын қымтауға кіріскен жөн. Себебі, алпауыт Америка елі ресми Кремльге жыл соңына дейін тағы бір ауыр соққы беруге дайындалып жатқаны сөзсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!