Ақтөбе облысында адамдар сатқан сүттерінің ақысын ала алмай отыр
Ақтөбе облысындағы бес бірдей ауылдың тұрғындары жергілікті шаруадан жаз бойы сатқан сүттерінің ақысын ала алмай отыр. Айналдырған жүз үйі бар Қарасайтау тұрғындарының өзіне Мәртөк ауданындағы ауыл шаруашылығы кооперативінің берешегі екі миллион теңгеге жеткен. Нәпақасын ағарғанның ақшасына тауып отырған жұрттың арызданбаған жері қалмаған. Бірақ «Ұлттық эко өнім» компаниясының басшысы қарыздан құтылуға асығар емес.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.11.2018
Мәртөк ауданына қарасты Қарасайтау елді мекенінің тұрғындары ауылға кірер жолдан шаң көрінсе елеңдеп отырады. Сондағы сарыла күткендері - «Ұлттық Эко өнімдері» кооперативінің өкілдері. Олар ала жаздай осы маңдағы бес ауылдан сүт зауытына ағарған қабылдап, ақшасын апта сайын төлеуге келіскен. Басында тиынына дейін түгел төлеп тұрғанымен, кейін тоқтатыпты. Енді жалғыз Қарасайтау ауылы тұрғындарына қарызы екі миллион теңгеге жеткен.
Сафура Оразова, Қарасайтау ауылының тұрғыны:
-Ауылда жұмыс жоқ. Сиырымыздың арқасында күн көріп отыр едік. Енді соның сүтінің ақшасын ала алмай отырмыз. Кооператив литрін 85 теңгеден қабылдаған. Менің өзіме қарызы жүз мың теңгеден асып кетті.
Қарасайтаулықтардан бөлек тағы төрт ауылдың тұрғындары сатқан сүттерінің ақшасын даулап жүр. Жұрттың арыз жазбаған мекемесі қалмапты. Тіпті қарызды қайтару үшін араға аудан басшылары да түскен. Шенеуніктер келер жылы тағы осылай кәсіпкердің соңында жүгіріп жүрмес үшін, сүт қабылдайтын басқа фирмаларды іздеп жатыр екен.
Нұргүл Оспанова, Қарашай ауылдық аймағының әкімі:
-Барлық қарызды төлеп тастаймыз дейді. Осындай уәде берді. Соған енді сенімдіміз. Келесі жылы енді басқа жолдарын қарастырамыз халық үшін. Басқа тасымалдаушыларды іздейміз.
Кооператив басшысы болса қарызынан құтылуға асығар емес.
Алима Кужеева, кәсіпкер:
-Қазір елдің бәрі қарызда отыр ғой. Менің де төлейтін ақшам жоқ. Сондықтан оларға төлей алмай жатырмын. Ақша түскен бойда барлық берешектен құтыламыз.
-Шенеуніктер кәсіпкерден қолхат жаздырып алған. Онда қарызды қарашаның алтысына дейін төлеймін деп уәде беріпті. Бірақ ол айтқан мерзімі бір аптадан асты. Енді берешегін ай соңына дейін бермесе, ауыл тұрғындары сотқа шағымданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!