Алматыда көпқабатты үйден шыққан өртке қатысты алғашқы болжам айтылды
Алматыда көпқабатты үйдің мансардасынан өрт шықты. Абырой болғанда құтқарушылар қызыл жалын арасынан 1 адамды ажалдан арашалап, 20 тұрғынды қауіпсіз жерге көшірген. 12 пәтерлік тұрғын үйдің мансардында 4 баспана бар екен. Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Ал, пәтерлері күлге айналғандармен бірге өзге тұрғындар да уақытша басқа жақты паналайды. Себебі, төбеден аққан су төменгі қабаттағы баспаналарға да айтарлықтай зиян келтіріпті.
Автор: Мақсат Мәлік
15.11.2018
Отқа оранған жоғары қабаттың балконында жанталасқан адамды көрші үйдегілер ұялы телефонға түсіріп алған. Қызыл жалын ел-жұрт жұмысқа жиналып жатқанда тұтаныпты.
Болат Көбеков, тұрғын:
-Айқай-шу басталып кетті. Лезде өрт сөндіретін көліктер жолдарды жауып, жұмысқа да шыға алмай алдық. Қою түтін будақтап жатты. Тіпті, үлкен кісінің шатырда отырғанын көрдік. Үстінде киім жоқ десе де болады. Бәріміздің үрейіміз ұшып кетті.
Тілсіз жаумен алысқан өрт сөндірушілер 52 жастағы ер адамды лаулаған өрттен құтқарып, өзге 20 тұрғынды қауіпсіз жерге көшіреді. Ал, 390 шаршы метр аумақты шарпыған апатты ауыздықтауға 71 қызметкер, 13 арнайы техника жұмылдырылған. Айта кетейік, өрт шыққан мансардыда 4 пәтер орналасыпты. Алайда, зардап шеккендермен қатар төменгі қабаттағы тұрғындар да енді басқа жақты паналауға мәжбүр. Төбеден сорғалаған су барлығын бүлдіріп кетіпті. Ал, жергілікті шенеуніктер қолдан келген көмекті аямаймыз деп сендіріп отыр.
Алтай Рақымбетов, Бостандық ауданының әкімі:
-Оқиға орнына қалалық және аудандық әкімдік қызметкерлері де жеткен болатын. Тұрғын үйге қарама-қарсы мектеп аймағында эвакуациялық бекет жасақтадық. Көмекке мұқтаж тұрғындарға уақытша паналайтын мекен береміз. Ыстық ас-сумен қамтамасыз етіп жатырмыз.
Алдын-ала болжам бойынша өрттің шығуына электр сымының қысқа тұйықталуы себеп болған. Сондай-ақ, шығын көлемі есептеліп жатыр. Бірақ, бірінің үйі өртеніп, бірінің баспанасы суға толған тұрғындардың жылы орындарына қашан оралатыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!