Жаңаөзенде жарылыстан үйі қираған отбасы өздеріне жала жабылмақ болғанын айтты
Жаңаөзенде газ жарылысынан үйі жермен-жексен болған отбасының апатқа еш кінәсі болмай шықты. О баста, апат ауладағы жекеменшік жылу қазандығынан шықты делініп, техникалық қауіпсіздікті сақтамағанбаспана иелерінің өзіне айып тағылған болатын. Алайда кейін белгілі болғандай, ақау газ құбырынан боп шықты. Естеріңізге салсақ, жарылыстан отбасындағы үш адам зардап шеккен болатын. 56 жастағы әйел мен оның 29 жастағы ұлын қатты күйік шалған.
Автор: Аруна Ортай
19.11.2018
Баян Тұрақова жарылыс болған үйдің қызы. Абырой болғанда, оқиға кезінде ол сыртта жүріп аман қалған. Ал үйде анасы мен ағасы, інісі болыпты. Құтқарушылар анасын үйінді астынан бір сағаттан соң, ал ағасын бір жарым сағаттан соң барып бір-ақ тапқан. Ал інісі сарай маңында жүріп, сау қалыпты.
Баян Тұрақова, жәбірленуші:
-Анамның бауырымның денсаулығын қалпына келтіруге көмектессе. Сосын үйіміз қалпына келтіріп берсе. Мына үйде тұруға қорқамыз.
Бойжеткеннің айтуынша, оқиға орнына жеткен мамандар жарылыс ауладағы жылу қазандығынан шықты деп отбасының өзін айыптамақ болыпты. Алайда кейін газ құбыры жарылғаны белгілі болды. Жарылыс күшінің қатты болғаны сонша, 8 бөлмелі даңғарадай үйден түк қалмаған. Ал анасы мен ағасынқатты күйік шалған. Екеуі де аса ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
Раушан Жапарова, Жаңаөзен қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Денесін 22 процент күйік шалған. Облыстан санавиациямен мамандар келе жатыр. Жағдайы өте ауыр.
19 жастағы інісінің аяғы мен басы жарақаттанған. Ақау шыққан газ құбыры болса, жарылған үйдің дәл іргесімен жүргізіліпті. Ал оқиға орнына жеткен «Қазтрансгазаймақ» мамандарының айтуынша, жақында мұнда су құбыры да түскен. Оны салушылар, басқа жер таппағандай тура газ құбырының үстімен жүргізіпті.
Қуаныш Қызанбаев, Жаңаөзен қаласының газ шаруашылығы директоры:
-Бізбен ешқандай келісім болмаған. Біздің қызметкерлер қатыспаған. Шынында болу керек. Қатысу керек.
Жергілікті биліктегілер де тексеріс бітпегенше, тіс жармауға бекінген. Қазір газ жарылысы бойынша іс қозғалып, тергеу басталып кетті.
Баян Тұрақова, жәбірленуші:
-Өтініш, көмектесіңіздерші! 15 жылғы еңбегін бір минуттың ішінде мынадай болғанын көрсе, анамның жүрегі шыдамауы мүмкін.
Белгілі болғандай, Жаңаөзендегі бұл бірінші жарылыс емес. Бұған дейін де Рахат ауылында тағы бір үй жарылған. Онда да ақау газ құбырынан шыққан. Енді басқа тұрғындар да, құбырларынан қорқып, жандарын шүберекке түйіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!