Энергетика вице-министрі қаңтарға дейін қамауда отыратын болды
Сол жағалауда тағы тұтқындау! Энергетика вице-министрі ақыры қамауға алынды. Сот шешімімен 2 айға тергеу абақтысына жабылған Анатолий Шкарупа бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген еді. Шатылып жатқан орынбасарының қапасқа жабылғанын бүгін Энергетика министрі де растады.
Автор: Досжан Маратұлы
19.11.2018
-Энергетика министрлігіне соңғы кездері қара бұлт үйірілгендей. Жемқорлық дауынан көз ашпаған ведомствода биыл осымен үшінші вице-министр істі болып жатыр. Соңғысы Анатолий Шкарупа қазына қаржысын жымқырды деген күдікке екі апта бұрын іліккен еді.
Сөйтіп, осы уақытқа дейін тергеушілерге жауап беріп, жүріс-тұрысы қатаң бақылауда болған 43 жастағы шенеунік енді тергеу абақтысына қамалды.
Ботагөз Баян, Астана қалылық сотының баспасөз хатшысы:
-Астана қаласының мамандандырылған соты, күдікті Анатолий Шкарупа Вальеревичке қатысты тергеу органының өтінішін қарастырып, 2 ай мерзімге күзетте ұстау шарасын санкциялады.
Яғни Энергетика вице-министрі қаңтардың 16-сына дейін тергеу қапасында жатады. Жалпы, оның былығын Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Бас прокурор жария еткен еді. Мәліметтерге қарағанда Анатолий Шкарупа 2015 жылы Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының әкімі болып тұрған кезде, жылу жүйесіне бөлінген 215 миллион теңгені жымқырған.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:
-Шкарупа жалған құжат жасап, жылуды есептейтін құрылғыларды қымбатқа сатып алдық деп көрсеткен. Сөйтіп, әлдеқайда арзан тұратын есептеуіштерден артылған ақшаны қалтаға басып отырған.
Жалпы, 43 жастағы шенеунік Энергетика вице-министрі қызметіне бір ай бұрын ғана тағайындалған еді. Сөйтіп, Саран қаласынан Астанаға келген Шкарупаның саяси карьерасына аз уақыт ішінде үлкен дақ түсіп отыр. Жемқорлық дауына іліккен орынбасарының қамауға алынғанынан Энергетика министрі де хабардар. Оның айтуынша, қағазбастылықтың кесірінен Шкарупа әлі ресми түрде жұмыстан шығарылмапты.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Анатолий Шкарупа өзін отставкаға жіберу туралы арызды алдыңғы аптада жазған болатын. Бірден қол қойып, тиісті органдарға жолдадық. Бірақ құжат премьер-министрдің канцеляриясына, кейін президент әкімшілігіне жеткенше біраз уақытты алады.
Жалпы, жемқорлықтан көз ашпаған ведомствода бұған дейін екі бірдей вице-министрдің қолына кісен салынған еді. Алдымен Ұлттық бюро қызметкерлері биыл наурыз айында Ғани Сәдібековты ұстаған. Кейін, араға үш ай салып, Бақытжан Жақсалиев қамауға алынды. Қос бірдей бұрынғы вице-министрлер Щучье-Бурабай курортындағы көлді тазартуға қазынадан бөлінген ақшадан бір-бір миллиардқа жуық теңгені қалтаға басты деп айыпталуда.
-Бірақ, осы бұрынғы шенеуніктер бір көлден ақша тапқанымен, екі істің бір-біріне қатысы жоқ. Айта кетерлігі, қалалық сот бүгін осы Сәдібеков пен Жақсалиевтің қамауда отыру мерзімін 1-желтоқсанға дейін ұзартты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!