Мәскеудің америкалық құс етін елімізге өткізбеуін шенеуніктер қуана қабылдады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы Ресей аумағынан Қазақстанға өтпей қалған америкалық құс етіне қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, Ресей өз нарығын қорғау үшін осылай істеп отыр. Ал құс етінің бізге жетпей қалуы отандық өндірушілер үшін жақсы мүмкіндік.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.11.2018
Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық федералдық қызметі АҚШ-тан Қазақстанға келе жатқан 185 тонна құс етін өз аумағынан өткізбей қойған болатын. Ондағылар импорттық құс етінің сақтау мерзімі өтіп кеткенін, кейбірінде заттаңбасы Еуроодақ аумағына келгенде бір-ақ жапсырылғанын айтады. Оның үстіне Ресей тарапы біздің елде өнімдер тасымалын бақылап отыратын жүйе жоқ деп айыптапты. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, біздің мамандар жағдайды анықтау үшін ресейліктермен жұмыс істеп жатыр. Ал АҚШ құс етінің бізге жетпей қалуы нарыққа аса әсер етпейді. Біз өз нарығымызды 80 пайыз қамтып отырмыз.
Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
-Біз үшін оның пайдасы бар. Нарықтың бос қалған бөлігін отандық өндірушілер басып, отандық өнімдерді жеткізу көлемі артады. Біз министрлік ретінде өз өндірісіміздің артуын қалаймыз. Ал америкалық құс етіне қатысты жағдайды мамандарымыз ресейлік әріптестерімен бірге қарастырып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!