«Астарлы ақиқат» эфирге қайта оралды
КТК арнасында жаңа ток-шоу тұсауын кеседі. Осыған дейін көрермен көзаймына арналған «Астарлы ақиқат» бағдарламасы енді жаңа форматпен шықпақ. Қордаланған мәселе, күрмеуі қиын түйткіл тың ток-шоудың назарынан тыс қалмайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
19.11.2018
Бұл - сіз бен бізге таныс бұрынғы «Астарлы ақиқат» бағдарламасы. Талай жылаған жанды жұбатып, қиналғанға көмек көрсетіп, сүрінгенге сүйеу болған хабар көрерменмен қайтадан қауышып жатыр. Екі арада біраз уақыт өткенімен, бұқараның басындағы түйткіл өзгермеген. Тұқыртқан тұрмыс, алаяқтар қақпаны, отбасыдағы шытынаған қарым-қатынас. Сабыры сарқылып, төзімі таусылғандардың жанайқайы тіптен бағдарламада жанжалға ұласып жатыр.
Жоба тізгіні белгілі тележүргізуші Дина Төлепбергенде. Бүгінде көрерменмен көк жәшіктің ар жағында тілдесіп жүрген диктор, енді бір студияда кейіпкерлермен ақиқаттың астарын ақтарып, түйіткілдің күрмеуін бірге шешуге тырысады.
Дина Төлепберген, жүргізуші:
-Ең алдымен біз форматты өзгерттік. Егер бұрын әлеуметтік бағдарлама, репортерлік жанрда болатын болса қазір біздің көкжиегіміз кеңейді деп айтуға болады. Бұл ток шоу форматында. Осы студияда мәселені түбегейлі талқылау, түбегейлі шешуге жол сілтеу, нақты көмек беру, осындай бағытта өзгерістер орын алып жатыр.
«Астарлы ақиқат» - басар тау, қағар есігі қалмай қағажу көрген жандардың шырқыраған шындығы айтылатын алаң. Сырт көз көрерменнің өзі кейіпкерлердің тағдырына бей-жай қарай алмайды.
Мария Жанпейісова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Шындықты айтты ғой бәрі. Маған ұнап жатыр, дұрыс айтып жатыр.
«Астарлы ақиқат» ток-шоуы қарашаның 25-нен көрерменге жол тартады. Әр аптаның жексенбісі, кешкі сағат жетіде КТК арнасы қосулы болсын! "Астарлы ақиқат" - шындық пен сұмдықтың ашық айтылатын алаңы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!