Каратэшілеріміз әлем біріншілігінде 40 алтын медаль ұтып алды
Алматыда киодокиокушин каратэден өткен әлем біріншілігі Қазақстан құрамасы үшін жемісті аяқталды. Каратэшілеріміз ел қоржынына 40 алтын медаль салды. Ал байрақты бәсекеге 12 елден 600-ге жуық спортшы қатысты. Жасөспірімдер және ересектермен қатар ардагерлер де сынға түсіп, жанкүйерлердің көңілінен шықты.
Автор: Әсем Лесбек
19.11.2018
Киодокиокушин Каратэ Федерациясы мұрындық болған әлемдік додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Польша және Үндістаннан келген 600-ге жуық жекпе-жек шебері бақ сынады. Татами бәсекесінде спортшылар алдындарына жан салмай, жарыстың көрігін қыздырды. Додад ардагерлер де сынға түсті.
Андрей Викторович, ұйымдастырушы:
-Бұл спорт түрі негізінен жас талғамайды. Себебі, ол адамды қайсарлыққа, төзімділікке және жігерлі болуға тәрбиелейді. Мұнда қаншама соққы алсаң да, тоқтамай күресіп, жекпе-жегіңді жалғастыруың қажет. Сол арқылы спортшылар шыңдала түседі. Ал бұл әлем чемпионаты Алматы қаласында ең бірінші рет өтуде.
Ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасы тартысты әрі қызықты айқас көрсетті. Әсіресе, Петропавлдық 19 жасар Әмина Нұрманова көпішілік қошаметіне бірден бөленді. Ол финалда азулы қарсыласын тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанды.
Әмина Нұрманова:
-Бүгінгі додаға ұзақ дайындалдым. Қарсыласым мықты екен. Нағыз каратэ шеберлерінің жекпе-жегі болды деп айта аламын. Бапкерім мені қолдап, күш беріп отырды.
Осылай каратэшілеріміз ел қоржынына 40 алтын медаль салды. Федерация өкілдері жеңімпаз бен жүлдегерлерді медаль, мақтау қазағы және кубокпен марапаттады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!