Министрліктер кеш қарайғанша жұмыста ұстаған қызметкерлеріне қосымша ақы төлейтін болды
Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің қызметкерлері бір айдың өзінде мыңдаған сағат артығымен жұмыс істеп қойған.
Автор: Ербол Тұрымбет
20.11.2018
Мәселен, мемлекеттік қызметкерлер Ұлттық экономика министрлігінде – 4970 сағат, Денсаулық сақтау министрлігінде – 3100 сағат, Ауыл шаруашылығы министрлігінде – 552 сағат асыра жұмыс істеген. Одан бөлек, Ұлттық экономика министрлігінде қызметкерлердің демалыс күні де жұмысқа шығуы 800 күннен де асып кеткен. Аталған министрліктер осының бәрін есептеп, жұмысшыларына тиесілі ақысын беру керек. Ал Денсаулық сақтау министрлігінде қызметкерлердің 80 пайызы демалыс күндері жұмысқа шығып отырған. Мұндай заңбұзушылықтарды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі анықтаған. Бұл жағдайларға қатысты енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шара қабылдау керек.
Равиль Төлебаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры:
-Мемлекеттік мекемелердегі компьютерлерде автоматты түрде сөндіру жүйесі енгізілген. Алайда, оның жұмысы бүгінгі күні толық жетілмегенін байқап отырмыз. Оның ішінде жұмыстан кейін қалып, уақытын ұзарту кезінде мемлекеттік қызметкерлер басшының рұқсатынсыз өздері де ұзартатынын көрдік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!