Ақтөбе облысында шөпке қасқана от қоятындар бүтін бір ауылды үрейде ұстап отыр
Ақтөбе облысында бүтін бір ауылды белгісіз біреу үрейде ұстап отыр. Ол қорадағы мая шөпке от қойып, қасына ескерту хатын тастап кетеді екен. Осылайша он үй қыстыққа жинаған мал азығынан айрылып отыр. Тағы үш үйдің қорасына от қоймақ болғанда үлгермепті. Қазір тұрғындар күні-түні ауылда кезекшілік ұйымдастырып, әуре-сарсаңға түскен.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.11.2018
-Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылының тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған. Олар бүгін кімнің үйінің ауласынан от шығады деп алаңдап отырады. Өйткені, айналдырған он күн ішінде он үйдің қорасындағы шөп өртенген.
Қасақана от қойып жүрген қаскөйді мұндағылар жабылып іздеп жүр. Ол үшін күні-түні кезекшілік белгілепті. Қылмыскер де ұсталатын емес. Әккілігі соншама бүгін ауылдың бір шетіндегі шөпті өртесе, ертесіне екінші шетінен от шығады. Алғашқыда тек түнде ғана от қойып жүрген болса, қазір қылмыскер тапа тал түсте ісіне кірісетін болған. Ал жапа шеккен тұрғындар қыста малымызды қалай асыраймыз деп зар иелеп отыр.
Гүлнәр Алманова, Қосестек ауылының тұрғыны:
-Мынау не деген сұмдық? Өртеген адамның ұяты бар ма екен? Біз осы шөпті қыстыққа жинадық. Осы малмен балаларымызды асырап отырмыз. Өзіміз жұмыс істемейміз. Мен қорқып қалдым. Бара-бара мүмкін үйде жанатын шығар.
Бес жүз шаңырағы бар ауылда тұрғындар еркін жүруден қалған. Бір-бірінен күдіктеніп, үйреймен жүр. Қаскөй шөп өртегенімен қоймай, үй ауласына ескерту хатын тастап кетеді екен.
Тәңірберген Бәйменов, Қосестек ауылының тұрғыны:
-Жау сырттан келмейді, арамыздағы адам. «Руслан, сен келесісің. Дайындал. Шөбі бар адамдар 50 мың теңгелеріңді дайындап қойыңдар" депті.
Шенеуніктер қорасындағы шөбі күлге айналғандарды қараусыз қалдырмаймыз деп отыр. Ауылдағы шаруа қожалықтарынан мал азығын жеткізіп бермекші.
Гүлжан Досмағанбетова, Қосестек ауылдық аймағының әкімі:
-Шөп болғанда біздер жеке шаруа қожалықпен сөйлестік.Оларда бұрынғы жылдан қалған шөптер бар. Сол шөптерді біз береміз.
Қазір Қосестектегі жұмбақ жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Әзірге бір тұрғын күдікке ілігіпті. Оның жазуын хатпен салыстыру үшін сараптамаға жолдаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!