«Астарлы ақиқат»: Әділдік іздеп табаны тозғандар
КТК арнасында жаңа ток-шоу. Әлеуметтің мәселесі, құқығы тапталғандардың базынасы, әділдік іздеп табаны тозғандар енді біздің жіті назарда. Осыған дейін көрермен көзаймына айналған «Астарлы ақиқат» бағдарламасы енді жаңа форматпен эфирге шықпақ. Қордаланған мәселе, күрмеуі қиын түйткіл тың ток-шоудың назарынан тыс қалмайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.11.2018
Бұрынғының жұрнағы болғанмен, жаңалығы көп жоба. «Астарлы ақиқат» бағдарламасы енді ток-шоу форматына түрленді. Студияда түрлі тағдыр талқыға түседі. Бірақ тек тыңдаумен тәмәмдалмай күрмеуін шешудің жолы да осында табылады. Жоба тізгінін алған Дина Төлепберген үшін де бұл тың тәжірибе.
Дина Төлепберген, жүргізуші:
-Жалпы ток шоу деген мен үшін ерекше жанр болып тұр. Бұрын «Астарлы ақиқатты» өзім тілші болып, журналист болып, жүргізуші болып студиямен ғана шектелетінмін. Менің қарым-қатынасым көрерменмен ол студиямен ғана шектеліп қалатын. Ал, мұнда шынын айтқанда эйфория мүлдем басқа.
Ток-шоудың өзгелерден ерекшелігі сол, студияға келген кейіпкерлердің ағынан жарылып, я тымырайып жабылып отырғанын дөп басатын маман бар. Сондықтан, мұнда ақиқат ақтарылмай қоймайды. Тіптен, шындықтың айтылуы біреулердің шымбайына батқаннан шамданып, долданып шығады.
Үміттен гөрі күдігі басым бұқара базынасын таразыға салып, мәселесін бір жағаға шығаратын ток-шоу 25-ші қарашадан бастап көрсетіледі. Әр аптаның жексенбісі 19.00 де көкейді тескен сұрақтың жауабын «Астарлы ақиқаттан» табасыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!