Ақтөбеде оқушылардың полигонға баруы үлкен даумен аяқталды
Қоғамдық ұйым өкілдері қала мектептерінің жүзден аса оқушысын қоқыс полигонына апарған. Ол жақта қолқаны қабатын күлімсі иістен балалардың басы айналып, дереу кері қайтады. Ең сорақысы жасотандықтар мектеп басшыларына үйілген қоқысты көрсетуге емес, зауытқа барамыз депті.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.11.2018
Елена Шмелева, №3 орта мектеп директорының орынбасары:
-Біз олардың оқушыларды қоқыс полигонына апаратынын мүлдем білмедік. Хатта зауыт деп көрсетілген соң сегізінші сыныпта оқитындарды мұғаліммен бірге жіберген болатынбыз. Күні бойы ата-аналардан жеке-жеке кешірім сұрап жатырмыз. Оқушылардың киімдеріне күлімсі иіс сіңіп қалған.
Жасотандықтардың бастамасымен қоқыс полигонына барған оқушылардың біразы бүгін сабаққа келмей қалған. Олар сасық иістен сырт киімдерінің жарамсыз болып қалғанын айтыпты. Балалардың осы саяхатына қатысты дау әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Жұрт оқушылар қауіпсіздігін ойламағандарды жазалауды талап етуде. Ал «Жас Отандағылар» жасөспірімдерді тазалық сақтауды үйретпек болғандарын айтып ақталады. Ол үшін әлеуметтік бағдарламалар бойынша тендер де ұтып алған екен. Тегін жатқан қоқысты тендер қаржысын игеру үшін көрсеткендер, бұл мәселеде білім бөліміндегілерге жүгініпті.
Асылжан Бүркіталин, Ақтөбе облысы бойынша «Жас Отан» корпоративтік қорының директоры:
-Негізгі мақсат мектеп оқушыларының бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болатын. Қатысатын мектеп оқушыларының тізімін біз Ақтөбе қалалық білім бөлімімен бірлесе отыра шештік. Біз оларға оқушыларды қатыстыруға ықпал етуді сұраған болатынбыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!