Таразда отқа оранған базарды өрт сөндірушілер неліктен тексере алмағанын түсіндірді
Тараздағы отқа оранған базарда қауіпсіздік ережелерінің сақталмағаны анықталды. Соның салдарынан электр сымдары қысқа тұйықталып, от тұтанған. Бұл кемшілікті біле тұра төтенше жағдайлар қызметі нысанды неге тексермеген? Бұған қатысты құтқарушылар мен бизнесменнің өзі не дейді? Жалпы келтірілген шығын көлемі қанша?
Автор: Руслан Әбдіхалық
26.11.2018
-Тараздықтарды дүрліктірген алапат өрт өңірдегі ең ірі сауда орындарының бірінде болды. Әлеуметтік желіде «Ауыл береке» базары жалынға оранды деп ел шуласқан еді. Алайда бұл басқа бір жеке кәсіпкерге тиесілі жер болып шықты. Қазір бұл жерден жанып кеткен дүңгіршектердің қаңқасы да көрінбейді. Орындары тегістеліп, жаңасын салу ісі қолға алынған. Мына қарқынға қарағанда қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа бармайтын тәрізді.
Кеше жұрттың қатты шошығаны рас. Ел базарға енді жинала бергенде сауда нысанының осы бұрышынан от бұрқ етті. Тез тұтанғыш дүңгіршектердің жануы да жылдам болды. Шығынға батудан үрейі ұшқан кәсіпкерлер жанын аямады. Отқа түсіп, тауарларын сыртқа шығаруға жанталасты.
Базар аумағы тегіс қоршалып, 8 техника мен 51 өрт сөндіруші тілсіз жаумен алысты. Айналасы бір сағатта шарпыған жалын ауыздықталды. Жалпы саны 22 сауда нүктесі күлге айналған. Мұнда көбіне киім-кешектер сатылған. Тілшілермен бетпе-бет тілдесуге құлықсыздық танытқан базар басшысының сөзінше, бас-аяғы сегіз кәсіпкердің дүниесі жанып, 580 мың теңге шығын келген. Оны өз қалтасынан төлеп беруге әзір.
Ал тілсіз жаудың электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтанғаны айтылуда. Бұған базар қожайынының жауапсыздығы себеп дейді құтқарушылар. Өйткені ол өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған. Ал осы тұрғыда «кемшілікті біле тұра неге тексеру жүргізілмеді» деген заңды сұрақ туады.
Мақсат Әкімбаев, Жамбыл облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-Нысанға тексеру жұмысы жүргізілмеді. Себебі Жәнібекова сауда бутиктерін жалға басқа жеке кәсіпкерге беріп жіберу салдарынан кәсіпкерлік кодексте тиісті норманың жоқтығына байланысты тексеру жүргізе алмадық. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан болған.
Жеке кәсіпкер төтенше жағдайлар қызметі алты ай бұрын тексеріс жүргізген деп бой бермеген. Бірақ төтеншеліктер бұны өтірік деп отыр. Ал осы оқиғадан кейін сауда нысаны мұқият тексерілмек. Тіпті кәсіпкерге қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!