Елімізде интернет пен байланыс ақысы арзандағалы жатыр
Алдағы мерекелер қарсаңында қымбатшылыққа жол берілмеуі керек. Бүгін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қол астындағыларына көмірден бастап азық-түлік құнына дейін қатаң бақылауда ұстауға тағы тапсырма берді. Десе де, базарларда түрлі тауар бағасы қазірден шарықтап кеткен. Премьердің пәрмені енді кәсіпкерлерге жете ме?
Автор: Досжан Маратұлы
26.11.2018
Елдегі қымбатшылық бүгін Үкіметте қызу талқыға түсті. Премьер-министрді әсіресе азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсуі қатты алаңдатып отыр. Өйткені әлеуметтік мыңызы бар тауарлардың құны жыл басынан бері айтарлықтай өсіп кеткен.
-Мәселен - қант – 23,4; күріш – 12,6; тауық еті – 11,1; күнбағыс майы – 8,6; сиыр еті – 5,1; жұмыртқа – 4,5 %-ға қымбаттаған.
Тіпті, ұн, сүт, нан мен тұз бағасына дейін шарықтаған. Ұлттық экономика министрі бұған көрші елдердегі ахуал себеп дейді. Өйткені, нарық ортақ болған соң, баға өспей қоймайды.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Азық-түлік бағасының негізгі өсу себебептері Еуразиялық экономикалық одақтың нарығында өнімдердің қымбаттауы, сондай-ақ, өзіндік құрамындағы үстеме шығыстардың өсуі болып табылады.
Сонымен қатар көмір де кей өңірлерде қымбаттап барады. Мұны Инвестиция және даму министрі сұраныстың артуымен байланыстыруда. Бірақ Жеңіс Қасымбек бағаны керісінше арзандатамыз деп сендірді. Айтуынша, әкімдіктер көмір өндірушілермен құнды көтермеу туралы келісімге келіп жатыр.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Осы жұмыстардың нәтижесінде көмір қоймалары мен бөлшектеп сату орындарында бағаны төмендетуді жоспарлап отырмыз. Орташа бағаны алғанда 15-20 пайызға немесе 2500-3000 теңгеге төмендейтін болады.
Яғни, Қасымбектің айтуынша, қазір орта есеппен тоннасы 15 мың тұратын көмір алдағы бір-екі аптада 11-12 мыңнан сатылуы тиіс. Әйтсе де алыпсатарлар бағаны қалауынша белгілеп жағдайды ушықтыруы мүмкін. Сондықтан премьер алдағы мерекелер қарсаңында ахуалды бақылауда ұстауды мықтап тапсырды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
-Нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру, сауда инфрақұрылымын дамыту және делдалдарды жою бойынша іс-шаралардың іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырамын. Мұны желтоқсандағы мереке күндерінде және жаңа жылдың адында ерекше назарда ұстауларыңызды сұраймын.
-Қымбатшылық демекші, елімізде жаңа жылдан бастап коммуналдық төлемдер де біршама арзандауы тиіс. Мәселен, Энергетика министрінің есебінше, жарық – 25, ал газ 22 пайызға дейін төмендеуі керек. Сондай-ақ, мобильді операторлар да интернет пен байланыс ақысын арзандатпақ. Бірақ оның нақты қаншаға азаятыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!