Астанада оқушының өлімінен кейін құдықтардың қақпағына құлып салынғалы жатыр
Астанада 9-шы сынып оқушысы құдыққа құлап көз жұмды. Аружан Маратованың денесін полиция мен ағайын-туыстары бір тәулік іздеп, ағын суға арналған құдықтың ішінен әрең тапқан. Онда да сол құдыққа екінші бала құлап, оны құтқарып алған кезде ғана астында тағы бір адамның денесі жатқанын байқап қалған. Осы сұмдықтан кейін әкімдік ашық жатқан кәріз құдықтарын дереу жабуға кірісті.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.11.2018
Бұл үй бүгін қара жамылған. Ата-ана, туған-туыстары кеше ғана көз алдында жүрген қызынан қапелімде айрылып, көзі жасқа толса, кішкентайлар әпкесін әлі күтіп жүр. Қайғылы оқиға сенбі күні болған. 13 жастағы Аружан Маратова кешкілік үйге қайтып келе жатқанда кенеттен телефоны өшіп қалыпты.
Толғанай Кенжетай, Аружанның анасы:
-Сағат 5 жарымда баламның телефоны байланыста болған. Үйге барам деді. 6-дан 18 кеткенде хабарлассам телефоны өшіп тұр.
Адам өмірін жалмаған Жәнібеков және Қошқарбаев көшелерінің қиылысындағы мына құдық. Қазір бетін қайтадан пластик қақпақпен жауып қойыпты.
-Күн суытып, қар түскелі бері қаладағы құдық қақпақтары да жоғалуы жиілеп кетіпті. Аружанның қыршын өмірін қиған мына құдықтың да беті маңайдағылардың айтуынша, біраздан бері ашық жатқан екен. Қазір бұл іске қатысты сапасыз атқарылған жұмыс немесе қызмет көрсету бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал кінәліні жазалайын десе, қалалық әкімдік тура осы қақпаққа кімнің жауапты екенін әлі анықтай алмай жатыр.
Құдықтың қақпағынан бұрын, полиция неге тез қимылдамады деген сұрақ туындайды. Анасының айтуынша, бірінші телефон соққанда мән полиция бермей қоя салыпты.
Толғанай Кенжетай, марқұм Аружанның анасы:
-8 кезінде хабарластым полицияға жұмыста отырып. Қабылдайсыздар ма, баламды жоғалтып алдым, таппай жатырмын деп едім, «нешеде» деді. «13-те» деп едім, «е, келеді ғой, құрбыларында жүрген шығар, күтіңіз» деді.
Ал жексенбі күні таңертең тура сол құдыққа екінші бала құлайды. Оны полиция аман-есен құтқарып алыпты. Артынша бетін жауып тастауға қайта оралғанда марқұм Аружанның сырт киімінің шеті көрініп қалады. Адам өмірін жалмаған мұндай құдықтардың қалада 65 мыңы бар екен. Қала әкімі олардың қақпақтарын құлыптап тастауға пәрмен беріпті.
Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
-Тек соңғы айда қала тұрғындарынан 356 өтініш келіп түссе, қаланың коммуналдық қызметтері тағы мыңдаған ашық құдықтарды тауып, жауып жатты. Қала әкімі құлыптар орнатылған арнайы қақпақтар орнатуды тапсырып отыр.
Кінәліні анықтау үшін енді тергеу шараларының аяғын күту керек. Ал марқұм Аружан Маратова 1-желтоқсан мереке күні 14 жасқа толайын деп отырған шағы еді. Ол сенбі күні сыныптастарымен театрға барып, содан қайтып келе жатқан беті болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!