Шығыс жұрты екі аптадан бері ауыз судың зардабын тартып отыр
Риддер қаласындағы бүтін бір ықшамаудан тұрғындарының айтуынша, алғашқы аяз түсісімен мұндағы құбырлар қатып, жарыла бастаған. Соның салдарынан олар тіршілік нәрін кен орнынан тасып әлек. Жергілікті шенеуніктер болса, мәселені шешпек түгілі, жұртпен тілдесуге де асықпайтын сыңайлы. Сандалған жұрт енді сапасыз техникалық суды ішуден басқа амал таппай отыр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
27.11.2018
Геобарлау кәсіпорнының маңы екі аптадан бері риддерліктердің бас қосатын жеріне айналған. Бұл жерден техикалық су алуға келген жұрт жергілікті шенеуніктерді кінәлап, қауқылдасып қайтады. Қарашаның басында қатып қалған қалалық су бөгетін жөндеген олар бұл ықшамаудан тұрғындарының жағдайын ескермеген сыңайлы. Ақыры мұнда қысым жетпей, су құбырлары қатып қалған.
Елена Филимонова, Риддер қаласының тұрғыны:
- Жаурап, тоңып күніне бірнеше рет су тасимыз. Бұдан басқа амал жоқ. Біздің жағдайымызға мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Ықшамаудандағы өзге үйлерде де жағдай дәл осындай. Жұрт техникалық суды күнделікті тұрмыста қолданып, ішуге де мәжбүр.
Светланы Лукьянова, Риддер қаласының тұрғыны:
- Осы суды жылытып, ыдыс жуамыз, ішеміз де. Кейін ұзын-сонар кезекте тұрып, тағы тасимыз.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, мұндағы үйлерде бұған дейін су үздіксіз ағып тұрған. Алайда бірнеше ай бұрын жұртты су арнасымен келісім-шартқа отырғызу шарасы басталған. Ақыры алғашқы аяз түсісімен, су қысымы болмай, қатып қалған құбырлар шетінен жарыла бастайды. Қазір жағдайы бар отбасылар сол құбырларды өз күштерімен жөндеп алуда. Ал өзгелері сапасыз техникалық суды тасып, ауылдағыдай күн кешуде. Алдағы уақытта ауыз су мәселесінің шешілер-шешілмесі белгісіз. Өйткені бұл мәселеге қатысты жергілікті шенеуніктерден әзірге еш жауап болмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!