Қазақстан Керчен бұғазындағы дауға қатысты пікір білдірді
Ресми Астана Украина мен Ресей арасындағы дауды дипломатиялық жолмен шешуге кеңес берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Нью-Йоркте шұғыл жиналып, Керчен бұғазында болған оқиғаны талқылаған еді. Сол отырысқа қатысқан біздің делегаттар Қазақстанның да ұстанымын жеткізді.
Автор: Жәудір Оразхан
27.11.2018
Қанат Тұмыш, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңестің тұрақты өкілінің орынбасары:
-Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде ашық диологқа және халықаралық шиеленістің алдын алу үшін пікірталас өткізуге дайын. Біздің делегация Украинаның да, Ресейдің де ұсынысын қолдайды. Себебі, екі ел де Қазақстан үшін туыс халық. Тарихымыз ортақ. Сондықтан, тараптарды оқ атуды тоқтатуға шақырамыз.
Қауіпсіздік Кеңестің мүшелері төтенше отырысқа Украинаның өтінішімен жиналды. Негізі, Ресей «мемлекеттік шекараның бұзылуына қатысты» кеңес өткізуді сұраған. Бірақ, қатысушылар бұл ұсынысты қолдамады. Ресей шекарашылары Қара теңізде Украина әскери-теңіз күштерінің «Бердянск», «Никополь» және «Яны Капу» кемелерін ұстаған еді. Кремль украиналық кемелер Ресейдің теңіздегі территориясын заңсыз кесіп өтті деп отыр. Федералдық қауіпсіздік қызметі әскери кемелерді тоқтату үшін қару қолданыпты. Украина тарапы алты адамның жарақаттанғанын жазды. Азов теңізіндегі төтенше жағдайға байланысты Петр Порошенко соғыс жағдайын жариялады. Ол 26 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал ұсталған теңізшілерді Ресейдің қауіпсіздік қызметі тергеуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!