Семейде несие алған жұрт наразылық білдірді
Семейде ауыл шаруашылығын дамыту аясында мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алған жұрт наразылық білдірді. Оларға серіктестік арқылы ортақ несие беріліпті. Кейбірі өздерінің берешегін өтегенімен, төлемеген адамдардың қарызын сот солардың мойнына артқан. Ал жұрт несиесін қайтарудан жалтарып жүргендердің бірін де танымайды. Тіпті несиенің ортақ екенін де білмей келдік дейді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
30.11.2018
Жанат Бектібаева үш жыл бұрын ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама бойынша, үш млн. теңге несие алған. Қарызын 5 пайыздық үстемеақысымен қоса, қолындағы төрт-түлігін сатып құтылған. Әйтсе де, оның қарызы 10 есе өсіп, 36 млн. теңгеге жетіпті. Өйткені кезінде серіктестік арқылы бірігіп несие алған 40 адамның 26-сы төлемеген. Ал сол төлемегендердің берешегін сот бұлардың мойнына артып қойыпты.
Жанат Бектібаева, борышкер:
- Машинамды, үйімді тәркіледі. Бұл сұмдық қой.
Борышкерлердің кепілдікке қойған дүние-мүлкі мен төлем карталары түгелдей бұғатталған. Олардың айтуынша, бұларға топтық таратылғанда, несиенің шарттарын ешкім түсіндірмеген. Сондықтан да наразылық білдірушілер несиесін төлемей жүргендердің бірін де танымайды. Тек аты-жөндерін сотта бір-ақ естіген.
Дүйсенбек Жүнісбаев, борышкер:
- Бір-бірімізді көрген жоқпыз. 5 жылдан кейін сотқа шақырды. «Ертіс» дегенді білмейміз. Біз жаңа несиеден алдық. Түгелдей жиналдық. Жан-жақтан келген кісілер. Қараймыз, танымаймыз. Қалай біз оларға жауапкершілік аламыз?
Несие жұмыспен қамту орталығы арқылы алынған. Ондағылар қаржы берілетін адамдардың тізімін ауыл әкімдері жасағанын айтады. Ал мамандардың топтық несиенің қандай екенін түсіндіру үшін елді мекендерде жиналыс өткіздік дегені жұрттың шымбайына батты.
Абай Мүсәпіров, Семей қалалық жұмыспен қамту орталығының шағын несие беру және қоныс аудару бөлімінің бастығы:
- Алғашында төлемеушілер пайда бола бастағанда ауыл-ауылда және несие серіктестігінен қарыз алушыларды жинадық. Сонда, ертең бір-бірлеріңмен қырқысасындар деген сөзге дейін айттық.
- Өтірік айтпа. Ондай болған жоқ.
- Енді...
- Семейде 622 адам ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 1 млрд. теңгеден астам несие алған. Енді оның қанша сомасы қайтарылмағаны нақтыланып жатыр. Бұл іспен құзырлы органдар айналысуда. Жалтарып жүргендер берешегін қайтарса ғана, төлегендердің мойнындағы қарыз да жойылмақ. Ал әзірге оларды сотқа шақырып, мазаламайтын боп шешілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!