Астанада Назарбаевтың жаңа балауыз мүсіні пайда болды
Нұрсұлтан Назарбаев отанды қалай сүю керектігін айтты. Бүгін мемлекет басшысы «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының өкілдерімен кездесті. Қарулы күштердің бас қолбасшысы жас жауынгерлерді жігерлендіріп бірқатар кеңесін де аямады. Осылайша Елорда Тұңғыш президент күнін тойлауды қазірден-ақ бастап кетті.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.11.2018
Тұңғыш президент күні ел үшін ерекше маңызы бар мерекелердің бірі. Ұлттық әскери-патриоттық орталықта «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы өткізген шара соның құрметіне арналған. Оған Елбасының өзі қатысып, алғаш боп құттықтауының да өзіндік мәні бар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мәселе біреудің аты-жөнінде, фамилиясында емес. 1 желтоқсан күні күні мен сайландым. Бірақ, қазақ қазақ болғалы, ел болғалы тұңғыш рет өз тарихында өз президентін сайлаған ең қуанышты күн болатын бұл.
Президент, қарулы күштердің бас қолбасшысы бүгіннен бастап «Жас сарбаз» қозғалысының да құрметті төрағасы. Олар Елбасына төсбелгі мен арнайы киімін сыйға тартты.
Орталық тарихи жәдіргерлерге бай. Мынау әйгілі Орбұлақ шайқасы. 600 әскермен жоңғардың 50 мың қолын жеңген сәтті тамашалауға болады. Бұлардың қатары бүгін жаңа балауыз мүсіндермен толыққан. Мына көріністе президент 1992 жылдың мамыр айында Сағадат Нұрмағамбетовті еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде тағайындап жатыр. Осының бәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру керек. Президенттің осы жиынға қатысуы да сондықтан.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы кең байтақ жерді қалай сақтап қалдық? Жан қиярлық батырлықтың арқасында, қан төгіп, тер төгудің арқасында аман алып қалдық. Сол бабаларымыздың рухы бізде болу керек. Сонда ғана сендер президенттің де, елдің де тірегі бола аласыңдар. Сол үшін біз жиналып отырмыз. Сол үшін мен бүгін сендердің араларыңа келіп отырмын.
- 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күнін еліміз Парламенттің бекітуімен 2011 жылдан бастап атап өтіп келеді. Биылғы мереке демалыс күндеріне түсуіне байланысты, ел тұрғындары дүйсенбіні қоса алғанда үш күн демалатын болды. Ал ертең Ақорданың алдында президенттің штандарты салтанатты түрде көтеріледі. Осыдан соң мерекелік іс шаралар басталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!