«7-20-25»: Сұраныс бар, арзан үй жоқ
3200 өтініш мақұлданды. Елімізде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының жұмысы «өгіз аяңдап» жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарламаның қарқыны алғашқы айлармен салыстырғанда әжептәуір басылған. Әсіресе, ипотекалық несие беру шағын қалаларда тұралап тұр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
30.11.2018
Бүгінде пәтер жағалап, баспанасыз басы қатып жүргендердің қатары тым көбейіп кеткен. Шілде айында осы өзекті мәселенің оң шешімін табу үшін «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Әйтсе де, тиімді әрі қолжетімді деген бағдарламаға сұраныс сап тиылмаса да, айтарлықтай саябырсыған.
Мәселен, 5 айдың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен үй алуға үмітті 5 мың адам 60 млрд теңге соммасына өтініш білдіріпті. Серіктес жеті банк 3200-ін қабылдап, 39 млрд теңге несие берген. Әрине, осыншама адам жиған-терген ақшасын жалдаған пәтеріне емес, болашақ үйіне құятыны қуантарлық жайт. Алайда, Қазақстандағы халықтың саны 17 миллионнан асатынын ескерсек, бағдарламаның орындалу қарқыны көңіл көншітпейді. Ал «Баспана» ұйымы бағдарламаның кідіргеніне жаңадан салынып жатқан арзан үйлердің аздығы себеп дегенді алға тартады. Алайда, бұл күрделі мәселенің күрмеуі келесі жылы шешілетініне сенімді.
Айбар Олжаев, «Баспана» АҚ ипоткеалық ұйымы сыртқы байланыстар қызметі жетекшісінің орынбасары:
- 2019 жыл Алматы қаласы бойынша «7-20-25» жылы болады. Қазір салынып жатқан құрылыс обьектілері 2019 жылы пайдалануға беріледі. Сондықтан келесі жылы Қазақстан бойынша үлкен леп болады деп күтілуде.
Мамандар мемлекеттік бағдарламаның шет аймақтарда қарқынды жұмыс істеуіне бағаның қымбаттауы әсер еткенін айтып отыр. Крыша. кз-тің соңғы айға жасаған сараптамасына сәйкес, үйлер Ақтау қаласында 2 пайызға өскен. Бұл шаһарда шаршы метрдің орташа бағасы - 210 мың теңгеге жетті. Кейін Тараз, Орал, Семейде бағаның шарықтауы байқалады. Ал ең төменгі әрі тұрақты баға Өскемен қаласында - шаршы метріне 175 мың теңге. Ал Астана, Алматы, Павлодар қалаларында баға тек 0,9 пайызға өскен.
Айбар Олжаев, «Баспана» АҚ ипоткеалық ұйымы сыртқы байланыстар қызметі жетекшісінің орынбасары:
- Жеке құрылыс компаниясына бағаға қатысты талап қоя алмаймыз. Бірақ құрылысшылармен кездесіп, бағдарлама арқылы тезірек сату үшін баға халыққа ыңғайлы болу керек деп кеңес береміз. Олар барлығын бір күнде сатып жіберсе, шығындары аз болады.
Жауаптылар халық арасында насихат жұмыстарын күшейтпекші. Сондай-ақ, құрылыс саласына қан жүгіртіп, мердігер компанияларды өзге өңірлерге тарту үшін барлық жағдай жасамақ. Әзірге, «7-20-25» бағдарламасымен ипоткелық несие беру бойынша Астана, Алматы қалалары көш бастап тұр. Бір Алматының өзінде 826 өтініш мақұлданыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!