«Халықтық заңгер» жобасы Гиннес рекордттар кітабына енуі мүмкін
Қазақстанда 1000-ға жуық заңгер бір уақытта халыққа тегін көмек көрсетті. Кәсіби мамандардың кеңесіне 15 мыңнан астам тұрғын жүгінген.
04.12.2018
«Халықтық заңгер» жобасы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Биыл бір реттік шара еліміздің барлық қалаларында бір уақытта өтті. Білікті заңгерлердің тегін кеңесін асыға күткендер жұма кешке том-том құжатын көтеріп, ұзын-сонар кезекке тұрды.
Светлана Балахнина, Алматы қаласының тұрғыны:
-Жер қатынасына қатысты мені мазалап жүрген құқықтық сұрақтарым бар еді. Нақтырақ айтсам мұрагерлік мәселесі. Заңгерлер тегін кеңес көрсетеді дегенді естіп келдім. Жолын көрсетіп, не істеу керек екенін түсіндіріп берді.
Тұрғындардың шешімін таппай жүрген мәселесі шаш етектен. Күрделі даулардан бастап, қарапайым тұрмыстық жағдайдағы кикілжіңдерге дейін бар. Көмек көрсетуге прокуратура мен бірнеше министрліктен бастап жергілікті әкімдіктерге дейін ат салысқан.
Ренат Надыров, заңгер:
-Мен бұл шараға үшінші рет қатысып жатырмын. Тегін көмек көрсетуден қашпаймын. Себебі біріншіден бүгінде заңгердің кеңесі орташа есеппен 20 мың теңгенің көлемінде. Оны барлығының қалтасы көтере бермейді. Екіншіден өзіміз үшін де үлкен тәжірибе.
Шараның қарапайым халық үшін тағы бір ұтымды тұсы бір адам бірнеше маманға жүгіне алады. Ал заңгерлер кеңес беріп қана қоймай, істерді соңы дейін жеткізеді. Және бәрі де тегін.
Данияр Таумұратов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қалалық департаментінің басшысы:
-Кез-келген сұрақтың жауапсыз қалмауы үшін біз барлық саланың ең білікті мамандарын шақырдық. Биыл адам өте көп келіп жатыр. Бұндай шара ешқай жерде өтпеген. Сондықтан біз істеген жұмысымызды көрсету үшін, Гиннес рекордтар кітабына енгізуге өтініш жаздық.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған жоба биыл үшінші рет өткізіліп жатыр. Қазақстанның ең ірі қалаларында 15 мыңнан астам адам көмек сұрап келген. Мыңға жуық заңгер олардың мәселесін майшаммен қарап, ақылын айтты. Бір мезетте сонша заң қызметкерлерінің тегін кеңес беруі әлемде болмаған екен. Сондықтан Халықтық заңгер жобасы жақын уақытта «Гиннес рекордттар» кітабына еніп қалуы да әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!