АҚШ-та ұшырылған екі жерсерікпен байланыс орнатылды
Түнде ғана ғарышқа ұшырылған қазақстандық екі жерсерікпен байланыс орнатылды. Астана мен Алматыдағы станциялар екі аппаратты іске қосып, тиісті өлшемдерін беріп жатыр. Енді екі аптаның ішінде алғашқы фотосуреттер де келе бастауы керек.
04.12.2018
Жерсеріктеріміз Астана уақытымен түнгі 12 жарымда «Фалкон-9» зымыран-тасығышымен АҚШ-тың Калифорния штатынан көкке көтерілді. Ракетаға 17 ел барлығы 64 аппарат тиеп жіберген. Оның екеуі біздікі. Біреуінің салмағы 100 келі. Ол жердегі көріністі барынша жақындатып, 17 метр биіктіктен бақылауға мүмкіндік береді. Ал екіншісі небәрі 5-ақ келі тартады. Ол жердің ауа қабатын зерттеуге керек екен. Әуелде бұл жерсеріктер қарашаның 19-ы күні ұшырылуы керек болған. Бірақ, ауа райының қолайсыздығы мен қосымша тексеріс қажет болып, АҚШ уақытымен желтоқсанның үшіне ауыстырылды. Екі аппаратты ұшыру үшін Қазақстан 1 миллион 400 мың доллар төледі.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Бір жерсерікті толығымен өз инжинерлеріміз жасап шыққан. Басты жетістігіміз де осы. Өзіміз жасаған құрылғыны ғарышта тексеріп көрмекпіз. Екіншісіне британ мамандары көмектесті. Ендігі міндетіміз, келесі жерсерігіміздің құрамын елу пайызға дейін отандық өнімдермен құрастырмақпыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!