Алматы тұрғыны ұлының өліміне полиция қызметкерін кінәлап отыр
Тәртіп бұзған тәртіп сақшысы жазасыз қалмасын! Жол апатынан көз жұмған Мәлік Пірәлиевтің отбасы тергеу амалдарына көңілдері толмайтындарын жеткізді. Бір ай бұрын Алматы-Бішкек тас жолында бірнеше көлікті қағып, қарсы бетке шығып кеткен Мерседес көлігі марқұмның машинасына бетпе-бет соғылған еді. Қара жамылған отбасы тапа-тал түсте жолда ойран салған темір тұлпарды полиция қызметкері тізгіндеген деп отыр. Олар Қарасай аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкері тиісті жазасын алуын талап етті.
05.12.2018
Ұлын жер қойнына тапсырғананына бір ай өтсе де, ананың жүрегі әлі де қан жылайды. Бүтін бір әулетті есеңгіреткен қазаға сенгісі жоқ. Бауыр еті баласының өліміне кінәлілер тиісті жазасын алуын талап етеді.
Гүлмира Абақова, М. Пірәлиевтің анасы:
-Менің балам ақылды болатын. Бала-шағасын бағып адам сияқты жүрген ғой. Тиісті жазаларын алсын. Басқа ештеке сұрамаймын.
Бұл 29 жастағы Мәлік Пірәлиевтің өмірін жалмаған жол апаты күні түсірілген кадрлар. Мерседес қала ішінде бір көлікті соғып, ұстатпай қашып бара жатқанын байқауға болады. Ол аздай, жүгенсіз жүргізуші Бішкек-Алматы тас жолында тағы екі көлікті жанап, қарсы бетте алаңсыз кетіп бара жатқан Мәліктің машинасына бетпе-бет соғылған. Салдарынан,жүргізушінің демі ауруханаға жетпей үзілді.
-Бұл жол апатынан кейін жан тапсырған Мәлік Пірәлиевтің көлігі. Соққының қатты болғаны соншалық, темір тұлпардың қаңқасы жаншылып, сау-тамтығы қалмаған. Ал, кеудесі қысылып қалған жүргізушіні құтқарушылар артқы есікті кесіп әрең дегенде алып шығыпты.
Эльмира Пірәлиева, М. Пірәлиевтің жұбайы:
-Тойотаны соққанда неге тоқтамады? Өйткені, олар ішіп алып басқан.
Үш баласымен жесір қалған марқұмның жұбайы тал түсте жолда ойран салған Қарасай аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкері дейді. Тәртіп сақшысының жәбірленуші болып шыға келгеніне қайғыдан қан жұтқан отбасы наразы.
Эльмира Піралиева, М. Пірәлиевтің жұбайы:
-Оның ағасы барлығын сатып алып отыр.Біз қайғыдан қан жұтып жатқанда экспертизаны да сатып алды. Жол апатының видеоларын өшірген. Хизат деген бұрын Киздің әкімі болған. Қазір біздің ауылдың әкімнің орынбасары. Ол тергеуге араласып жатыр.
Алайда, бұл айтқандарды атқамінер теріске шығарды. Хизат Молдыбаев інім жол апатынан зардап шеккендердің бірі деп азар да безер. Сондай-ақ, туған інісінің қызмет бабында тәртіпсіздікке бармағанына сенімді.
Хизат Молдыбаев, Бірінші Май ауылдық округі әкімінің орынбасары:
-Машинаның иесі менен кешірім сұрайды. Жүргізуші менің көзім қарауытып кетті деді. Рөлде болған жоқ. Біреудің машинасына отырмайды ешуақытта.
Мерседес көлігін тізгіндеп, жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші тергеліп жатыр. Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшысы Ильзат Әбдіқұлов бұл істе жәбірленуші. Қара жамылған отбасы пагон тағып, ойына келгенін істеген Ильзатты жазаламай қоймаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!