Ақтөбеде көктайғақта қол-аяғын сындырғандар ауруханаға сыймай жатыр
Ақтөбеде көктайғақтың кесірінен 200-ге жуық адам дәрігерге қаралды. Мұзға тайып, қол-аяғын сындырған, басы жарылғандарды ауруханаға сыйдыра алмай жатыр. Сондықтан тек ауыр науқастарды ғана қалдыруда. Ал тұрғындар болса мұз ойып, көше бойына тұз себуге міндетті коммуналшылардың қызметіне көңілдері толмайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.12.2018
Бір жұмадан бері жедел жәрдем ауруханасының травматология бөлімінің дәрігерлерінде тыным жоқ. Мұзға тайып, мертіккендер осында келеді. Орын жетіспей, тек ауыр науқастарды жатқызып, жарасы жеңілдерді емханаларға жіберуде.
Сәкен Қапанов, Ақтөбе облыстық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:
-Тайғақ басталғалы 160-тай науқас келіп қаралды. Оның он тоғызы жатқызылды. Қалғандары жеңіл жарақатпен ем көрсетіліп, өздерінің емханаларына жіберілді.
Биыл тек қаладағы тротуардың мұзын ойып, қардан тазартуға қазынадан жүз миллион теңге бөлінген. Бұл ақшаны 19 басқарушы компания қыс бойы игеруі тиіс.
-Әйтсе де, Ақтөбеде көктайғақтың кесірінен еркін жүру мүмкін емес. Кез келген көшенің бойында аяғыңа коньки киіп, сырғанауға болады. Сондықтан да тұрғындар дер уақытында мұз ойып, тұз бен құм сеппеген комуналшыларға өкпелі.
Александр Иванов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Олардың жұмыс істеп жатқанын көрген жоқпын. Қала көк мұз. Тазартуға болады ғой. Қар шығарып үлгермей жатыр дейін десең, қар да жауған жоқ. Коммуналдық қызметтің жұмысына риза емеспін.
Әкімдіктегілер болса тротуардағы мұзды ерітуге тұзды аямай сеуіп жатқандарын айтады. Ең қызығы ол тұздың өзі аязда қатып қалады екен.
Қуаныш Оңалбаев, «Табыс-Ақтөбе»ЖШС бөлім басшысы:
-Тұз күндіз себіледі. Күннің көзіне еріген уақытта түнде салқындап қалса ол қайтадан қатып қалады. Сондықтан кей кезде эффект болмай жатады. Тұз себілгені көрінбей жатады.
Қазір шенеуніктер қар жауғанын тілеп отыр. Өйткені, аяз сынса себілген тұздың мұзды ерітуге әсері болады екен. Ал әзірге тұрғындарға аяқтарын абайлап басқан абзал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!