Алматыда ұшақтар кешігіп жолаушылар байбалам салды
Алматыда ұшақтар жаппай кестеден кешігіп жатыр. Әуе кемелерінің уақытылы көкке көтеріле алмай жатқанына қолайсыз ауа-райы себеп. Қалың тұман басуы салдарынан ұшақтар әуежайдан ұшып шықпақ түгілі, келіп қона алмай да жатыр. Мәселен, Душанбеден шыққан бортты Шымкенттегі қосымша аэродром қабылдады. Дегенмен, тасымалдаушылардың жерге табан тигізе алмай жатқандарына жалғыз тұман кінәлі емес көрінеді.
Автор: Аруна Ортай
07.12.2018
Ербол Бейілхан Астанадан Алматыға ұшып шыққан , алайда лайнер Шымкентке қонуға мәжбүр болды.
Ербол Бейілхан:
- Ішінде енді балалар болды. Біз енді ұшақта отырған адамдар сабыр сақтап отырсақ та, адамдардың алаңдағаны көзінен көрініп тұрды. Қандай жағдай болды, инеге ұшты деген. Сонымен, сағат түнгі 3-те ұшқаннан Шымкентке барып, 1 жарым сағат ұшақтың ішінде күтіп отырып, кішкентай бала жылап жатты. Бізге ешқандай дұрыс қызмет көрсеткен жоқ. Шай берген жоқ, су берген жоқ! Балалы әйелдер болды, сонымен Алматыға 8 жарымда қайтып келіп қонды.
Түнгі 3-те Астанадан ұшқан ұшақ соған қарағанда Алматыдағы тұманнан бейхабар болған. Ұшып келіп алып, қаланың үстінен төрт мәрте айналған. Сосын Шымкентке барып қонған. Алматыға тек таңға жуық оралуға мүмкін болған.
Десе де, таңғы сегізде қаланы қайтадан тұман басты. Сөйтіп, бақандай 15 рейстің ұшып кетуіне кедергі болды. Оның ішінде, Дели, Дубай мен Оралға бет алғандар ұшаққа отырып та қойған екен. Алайда, «Эйр Астана» бас-аяғы 302 жолаушыны 3 жарым сағат бойы борттан шығармай ұстап отырған. Ал әуежайда ұшағын тосып отырғандар қаншама. Көбі, ендігі ұйықтап та қалған. Аузы-мұрны адамға толған Алматы әуежайы жұрттың жолынан қалып жатқанына кінәлі жалғыз ауа-райы емес дейді.
Александр Гордеев, «Алматы әуежайы» АҚ вице-президенті:
- Өкінішке орай, көптеген әуе компаниялар күн бұзылса болғаны ұша алмай қалады. Өйткені, экипаж бен пилоттардың біліктілігі жетпейді. Мұндай ауа-райы кезінде ұшу үшін 3Б деңгейі керек. Ал компаниялар ұшқыштарын оған оқытқысы келмейді. Өйткені, ол қымбат. Біздің тараптан барлық жағдай жасалған. Кез-келген ауа-райында ұшып-қонуға болады.
Сөйтсе, тұманның сейілуін күтіп отырған кілең отандық компаниялар екен. Түріктің «Пегас», «Turkish Airlines» пен Ресейдің «Аэрофлоты» бет алған бағыттарына әлдеқашан аттанған. Ал «Эйр Астана» ұшқыштарының біліктілігіне шүбе келтірмейді.
Сергей Халдеев, «Эйр Астана» менеджері:
- Ұша алмаған ұшақтардың барлығы сертификатталған. Бәрінің де 3Б дәредесі бар. Бірақ, олардың ұшып шығуына жағдай болмады. Ауа-райының қолайсыздығын ескере отырып, клинеттердің басын қатерге тіккіміз келмеді.
Десе де, дәттеген жерлеріне жете алмай жүрген жолаушылар бар. Мәселен, Алматыдан Оралға күндізгі 11-де ұшқан осы «Эйр Астананың» әуе кемесі Ақтөбеге барып қонған. Сөйтіп, Алматыға енді қайтып келе жатыр. Бортта барлығы 66 адам. Алдын ала мәліттер бойынша, ұшақтың қайтіп келуіне қолайсыз ауа-райы себеп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!