Атырауда балықтардың жаппай қырылуын арнайы комиссия тексеруге кірісті
Атырауда Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу дерегін арнайы комиссия тексеруге кірісті. Ақмарқа, сазан, қаракөздердің балықшылар ойған үкіден шығып жатқаны, тіпті кейбірінің мұз бетіне тақалып жүргені әлеуметтік желіде тараған еді.
Автор: Жанар Низамутдинова
10.12.2018
-Көмек сұраймыз осы балыққа қатысты адамдардан, мына қара, қаншама миллион балық қырылып жатыр мына арада.
Балықтардың бұлайша қырылуы бір апта бұрын Жайықтың қала ішіндегі өзектерінің бірінде байқалған еді. Енді арада аз уақыт өткенде өзендегі мұздың асты да, үсті де өлген балыққа толы. Кәнігі балықшылардың айтуынша, бұл жерде балықтарға ауа жетпегендіктен қырылып жатыр деуге келмейді. Өйткені мұздың қалыңдығы 50-60 см-ге жеткенде ғана судағы тіршілікте осындай құбылыс байқалуы мүмкін. Бірақ қазір мұз 5-7 см шамасында бірде қатып, бірде еріп тұр. Ал әзірге бұл жайтқа байланысты құзырлы органдар бірігіп, тексеріске кірісіп кетті. Әзірге белгілісі, өзеннің жоғары жағында мұндай дерек тіркелмеген. Сондықтан қазір негізгі жұмыстар төменгі жақта жүргізілуде.
Әлібек Нәутиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Жайық өзенінің төменгі сағасының бойын зерделеу жұмыстары жасалды. Мұндағы өлі балықтар жиналып алынып, оның сынамасын алу үшін қазір зертханаларға жіберілді. Және судың түбінен, ортасынан, беткі қабаттарынан сынама алынып, күні бүгінге зертханалық жұмыстар жасалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!