Алматы облысында ұрылар төрт бірдей ауылды зар қақсатып отыр
Жұрттың малына көз тіккендер түнді қойып, енді күндіз келетінді шығарыпты. Төрт түлігінен үйде отырып айырылып қалған халық қос-қостан ит ұстаса да пайдасы жоқ екен. Өйткені қарақшылар төбеттерді өлтіріп кете салады.
Автор: Аруна Ортай
11.12.2018
Бақытжан Темірбаев қорасына қараса, көзіне жас келеді. Ұрылар оның 16 бас қойы, екі жылқысы мен құлынын және семіз сиырын бір-ақ түнде жетектеп әкетіпті.
Бақытжан Темірбаев, Қайнар ауылының тұрғыны:
-Таңға жақын болған соң тәтті ұйқыда жатқанбыз. Әйтпесе төрт итім бар. Біреуі де үрмеген. «Аға, іздестіріп жатырмыз, үйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» дейді болды. Басқа ештеңе жоқ. Ұрылардың біреуі табылды деген әңгіме естімедім.
Мал ұрылары бір емес, төрт бірдей елді мекен жұртын зар қақсатқан. Олар - Қайнар, Сақтан, Тереңқара және Төңкеріс ауылдары. Бір ғана Сақтаннан бір айда 38 ірі қара мен 3 жылқы ұрланыпты. Ал жат қолда кеткен ұсақ малда шек жоқ. Ұрылардың есіргені сонша, олар үй иелерінен аяқ тартпай, күндіз де келетін болыпты.
Қуаныш Сағындықов, Сақтан ауылының тұрғыны:
-Тапа-тал түсте ұрла кетті. 10 минуттың ішінде сиырымнан айырылып қалдым. Бір сағаттан кейін таптым, бірақ сиырымды сойып тастаған. Шек қарыны, бас сирағы жатыр.Еті жоқ! Қалай ол?
-Түн жамылып келгендер семіз семіз екі қошқар мен екі саулықты дуалдан көтеріп алып кеткен. Қорада негізі 22 қой тұрыпты. Бірақ енді таңдап ұрлауға кіріскендер кәрі малға тиіспеген.
Мира Маймарова, Тереңқара ауылының тұрғыны:
-Екі жылқыны алып кеткен аулада тұрған. Иттер бар енді. Оларды улап тастады.
Төбеттерді өлтіріп кететіндер адамға да тап беруден тайынбайды дейді үрейі қашқан тұрғындар. Жалпы ауылда шағым жазбаған шаруа қалмаған. Дегенмен, оларды тәубесіне келтіретін тірі жан табылмай тұр. Ақыр аяғы бетімен кеткен баукеспелер елді мазақ қылуға көшкен.
Жанболат Тасболат, Сақтан ауылының тұрғыны:
-Желінін ағашқа қадап кеткен сауынды сиырдың. Неге біздің полицейлер жұмыс істемейді? Қанша уақыт болды!
Ал Алматы облыстық полиция департаментіндегілер малды іздемек түгілі, жағдайды түсіндіруге де жарамады. Керісінше, соғым уақыты болған соң мал ұрлығы да жиілейтінін айтып, жайбарақат отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!