{metadescription}
Соғым науқаны қызған сәтте елде ет қымбаттады
Соғым науқаны қызған сәтте елде ет қымбаттады

Соғым науқаны қызған сәтте елде ет қымбаттады

Елімізде ет қымбаттады. Тіпті, жылқы етінің бағасы бір жылда 10 пайызға шарықтаған. Алайда, қыстың көзі қырауда қызылсыраудан қорыққан тұтынушылар базардағы баға күнде құбылатынын айтады. Әсіресе, соғым науқаны қызған сәтте сатушылардың кілті аспандап кеткен. Ал, керісінше соңғы уақыттары тауық етін талғажау ететіндердің қатары артыпты.

Соғым науқаны басталғаннан бері Атырау базарларындағы ет саудасы қыз-қайнаған. Иін тірескен алушы да, жал-жаясымен қызықтырған сатушы да жетерлік. Ал, биыл жылқы етінің құны 10 пайызға қымбаттап, әр келісі орташа есеппен 1750 теңгеге жеткен. Сиыр еті 7 пайызға шарықтапты. Алайда, тұтынушылар зерттеушілердің дәйегі мен базар нарқы сәйкес келмейді дейді.

- Бәрін қарап жүрміз, қымбат ет. Келім-кетімді кісің болады. Тілдерді алғың келеді. Келісі 2 жарым мың теңге.

Ет өнімдерін тұтынатындар арасында көш бастаған Қарағанды облысында да баға аспандап тұр. Сиыр еті 1300 бен 2 мың теңге аралығында бағаланса, жылқы еті 2 мың 200 теңгеден. Тіпті, ет бағасын қымбатсынғандар сыртынан қарап тамсанатынын жасырмады. 

Жанар Қасымова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Еттің бағасы көтеріліп кеткен. Дұрыс емес қой баға көтерген. Кішкене арзандаса бізге жақсы болатын еді. Қуанар едік.

Алматыдағы ет бағасы да көңіл көншітпейді. Орталықтағы кейбір сауда нүктелерінде жылқы еті келісі 2 мың теңгеден асып кеткен. Ал, көбінің аңсары ауатын сиыр етінің құны да көпшіліктің қалтасын қағып тұр. Алайда, сатушылар мен шаруашылық қожайындары инфляция алқымнан алғанда бағаны төмен ұстау мүмкін емес дейді.

Берік Сатыбалды, қасапшы:

-Сүйексіз еттің бағалары 2320 теңгеден. Сүйегі бар еттер 1540 теңгеден  қабырға ет, төс ет. Ақа еттер бар 1800 және 169 теңгеден.

Кирил Павлов, Шаруашылық қожайыны:

-Бағаның көтерілуіне түрлі себеп бар. Біріншіден, шаруашылықтың өзіндік құны артты. Жем-шөп қымбаттап, жанармайдың бағасы өсті. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екенін ұмытпауымыз қажет.

Қақаған қыста қымбатшылықтың кесірінен қызылсыраған жұрт жаппай тауықты талғажау етуге көшкен. Себебі, құс етіне деген сұраныс 7 пайызға, тіпті ауылдық жерде 20 пайызға артыпты. Ал, сатушылар мен сарапшылар  еттің бағасы жаңа жыл қарсаңында тағы құбылмасына ешкім кепілдік бермейді дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде