57 миллионға қызметтік пәтер сатып алған Атырау әкіміне қатысты тексеріс басталды
Атырау қаласының әкіміне баспана қажет! Ол үшін мемлекеттік қазынадан 57 миллион теңге қаражат қарастырылып та қойыпты.
Автор: Жанар Низамутдинова
11.12.2018
Мемлекеттік тапсырыс сайтында жарияланған лотқа қарағанда, қала әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы бизнес-классты пәтерге қатты қызығатын секілді. Сипаттамасында баспана 5 бөлмелі және аумағы 170 шаршы метрден кем болмауы керек деп көрсетілген. Ақпарат бойынша, элиталы пәтер қараша айында сатып алынған, дегенмен әкімдіктің меншігіне әлі өтіп үлгермепті. Тіпті енді өтпейтін де секілді. Өйткені басшыларына қымбат пәтер алып беруге қатты тырысқан әкім аппаратының қызметкерлеріне қатысты қазір тексеріс басталды. Шілде айында әкім боп тағайындалған Әлимұхаммед Құттымұратұлының жеке үйі болғандықтан мемлекеттік баспана берілмеуі де мүмкін.
Серікжан Ерментаев, Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Облыстық әкімдік араласып, сатушымен келісім-шартқа қол қоюға жол берілген жоқ. Ал, бөлінген 57 миллион теңге қаланы дамытуға жұмсалатын болады. Қазіргі кезде жауапты тұлғаларды соншама қымбат пәтер алуға не итермелегенін анықтап жатырмыз. Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша, кінәлілер бұл істері үшін жауап беретін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!