Ақтөбеде қарамағындағы қызметкерін ұрған шенеунік жұмыстан қуылуы мүмкін
Аумақтық инспекция басшысының орынбасары кадр бөліміндегі келіншекті кабинетіне кіргізіп, қоқан-лоққы көрсеткен көрінеді. Енді осы қылығы үшін тәртіптік кеңес оны қызметіне лайық емес деп таныған. Ал бастығынан жәбір көрген Гүлмира Жидебаева, соққының кесірінен денсаулығының нашарлағанын айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.12.2018
Гүлмира Жидебаева Ауылшаруашылық министрлігіне қарайтын Ақтөбедегі аумақтық инспекцияда он жылдан бері жұмыс істейді. Соңғы күндері аядай ғана жұмыс бөлмесінде жалғыз қалуға қорқады екен. Өйткені, бір ай бұрын инспекция басшысының орынбасарынан кабинетінде таяқ жеген. Жылуды уақытылы жөндемеген жұмысшының үстінен шағым айтқаны бастығына ұнамай қалыпты.
Гүлмира Жидебаева, Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы кадр бөлімінің басшысы:
-Мені кабинетке кіргізіп алып, сол кабинетте ұрып, айқайлап «өлтіремін, аузыңды жап деді. «Сантехникті неге басшыға жамандайсың» деп маған солай қоқан-лоққы көрсетті. Міне соның салдарынан денсаулығым дұрыс емес.
Бұдан кейі Гүлмира талып құлап, әріптестері жәдел жәрдем шақырған. Одан соң ұлттық бюроға шағым түсіріпті. Қазір басшыға қатытсты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ Ерлан Орынбаев осы күнге дейін қызметінде жүрді. Өзінің сүттен ақ, судан таза екенін айтады.
Ерлан Орынбаев, АШМ Ақтөбе облысы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
-Әйел адамның сөзі көп. Ұрған жоқпын деп айтып тұрмын ғой. Жігіт басыммен сіздерге сөз беріп тұрмын. Ешқайда ұрған жоқпын. Қыз баласына қол көтеріп көрген жоқпын осы уақытқа дейін.
Ұлттық бюродағылар қылмыстық іс қозғағанымен, тергеудің құпиялығынан ештеңе айтпайды. Ал мемлекеттік қызмет істері департаментіндегілер, шенеунікті тәртіптік кеңестің талқысына салып, қызметінен қууға бірауыздан шешім қабылдады.
Расул Медетов, Тәртіптік кеңес төрағасы:
-Аумақтық инспекиясы басшысының орынбасары Ерлан Оранбаевқа атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылады.
Бұған дейін Ерлан Орынбаевты ұлттық бюродағылар жемқорлыққа қатысты айыптап, тергеуге алған. Ол кезде базардағы жеміс-жидек сататын саудагерлерден екі қарбызды тегін алды деп айыптаған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!