Ақтөбеде оқушылардың пышақтасуынан кейін мектеп директоры қызметінен кетті
Ақтөбедегі мектептердің бірінде пышақ жарақатын алған оқушыны дәрігерлер аман алып қалды. Қатарласының кеудесіне сұққан қаруы баланың жүрегіне тиюге сәл-ақ қалған. Қазір жағдайы жақсарып келеді. Әйтсе де бұзақылық жасаған баланы жәбірленушілер кешіргенімен, ата-анасы жазасыз қалмайды. Сондай-ақ, оқиға болған мектептің басшысы қызметінен кеткен.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.12.2018
Кеудесінен жараланған оқушы аймақтағы дарынды балалар оқитын мектеп интернаттың оқушысы екен. Қазір ол облыстық ауруханада жатыр. Дәрігерлер пышақ қиғаш кірмегенде баланың аман қалуы екіталай екенін айтады.
Сағидолла Досмағанбетов, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Жүрекке жеткен жоқ. Қазір баланың жағдайы орташа.
Оқиға қоңырау кезінде болған. Оныншы сыныпта қатар оқитын екі оқушы төбелесіп қалады. Біреуі пышақ сұғып алған. Оны қайдан алғаны әзірге белгісіз. Әйтсе де, бұзық баланы жәбірленуші тарап кешірген. Бірақ қызметтік тексеруден соң мектеп директоры қызметінен кетуге өзі арыз жазыпты.
Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы:
-Егер директор өз еркімен кетсе, босаған орынға конкурс жарияланады. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ол кісі жұмысынан босатылды. Қазір мұғалім ретінде қалдырылды.
Бірақ ата-аналардың мектеп басшысын қызметінен кетіргісі жоқ. Олар білім басқармасынан директорды қайта әкелуді талап етіп шу шығарды. Тіпті облыс әкіміне қол жинап арыздарын жолдапты.
Сақып Қанатбаева:
- Кінәлі тек қана директор емес. Ата-аналар да кінәлі.
-Облыстық білім басқармасындағылар ата-аналар қарсы болғанымен, мектеп-интернат басшысын кері қайтара алмайтындарын айтады. Қазір оқу орнында қызметтік тексеру әлі жалғасып жатыр. Олар оқушыларды ғана емес, мұғалімдерді де тоқсан соңына дейін бақылауды ұстамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!