Марапат жауған күн: Елбасы мемлекеттік наградаларды табыстады
Президент қолынан марапат алғандардың арасында министр, әкімдерден бастап, кәсіпкер, офицер, ақын, жазушы және қойшыға дейін бар.
Автор: Досжан Маратұлы
14.12.2018
Жылда Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің үздіктері Ақордаға шақырылады. Сондықтан саяси жиындар өтетін залда бүгін мерекелік көңіл күй. Бірақ, марапатты таратпай тұрып, президент жиналғандарды ұлық мереке - егемендігіміздің 27 жылдығымен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ата-бабаларымыздың арманын орындап, осы күнге жеткен біздің буын бақытты. Сондықтан осының барлығы құтты болсын. Ұзағынан болсын. Жан дүниелеріңізге, жанұяларыңызға, өздеріңізге жақсылық пен бақыт әкелсін.
Бұдан соң, Елбасы орден мен төсбелгіден шашу шашты. «Қазақстанның еңбек ері» атағы биыл мал өсіріп, ауыл шаруашылығын дамытып отырған жамбылдық танымал қойшы Сайрамбай Дөненбаев пен шымкенттік мұғалім Алина Соловьеваға бұйырды. Еліміздің ең жоғарғы наградасын Ақтөбедегі сал ауруына шалдыққандарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Бәйменова да алды. Осы жерде президент, аяқ қолы сау бола тұра өміріне шағымданатындарды ұялтты.
-Өмірдің қиындығын айтып арыздана беретіндер осы кісіден үйреніңіздер. Үлгі алыңыздар. Жол апатына түсіп өмір бойы арбаға таңылса да, қиындыққа қажымаған. Бұл батыр адам.
Бұдан соң, «Парасат» наградасын премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев пен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов алды. Ал «Құрмет» ордені Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке берілді.
Тимур Сүлейменов, Ұлттық экономика миинстрі:
-Бұл менің ғана емес, біздің министрліктің жұмысының жемісі. Өте қуаныштымын. Президенттің қолынан сыйлық алу үлкен мәртебе.
Солтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Маңғыстау облыстарының әкімдері – Ақсақал Құмаров, Асқар Мырзахметов және Ералы Тоғжанов та «Парасат» орденінің иегерлері. Саяси элитаның белді өкілдерінен бөлек, ерлігімен көзге түскен офицерлер мен ақын- жазушылар да марапаттан құр қалған жоқ. Елбасының қолынан сыйлық алған олар тіпті, арқаланып кеткендей.
-Нұрсұлтан аға, нұр жаусын сізге, рахмет! Кеудеме емес, жүрекке тағам бұл марапатты.
-Қазір ауыздан-ауызға көшіп жүрген бір сөз бар. «Нұрсұлтан салған нұрлы жол деген». Алғашқы болып айтқан соны мен едім. Сол сөзді айтқаныма разымен. Сол сәуегейлігіме разымын.
Канн кинофестивалінде жүлде алған тұңғыш қазақ қызы, Айка фильміндегі рөлімен танылған Самал Есләмова да бүгіннен бастап еліміздің еңбек сіңірген қайраткері.
Самал Есләмова, актриса:
-Биыл мен үшін ерекше жыл. Тарихта қалатын жыл. Елім бағалап жатыр. Шексіз ризамын.
Айта кетерлігі, биыл әдебиет пен өнер саласына ерекше көңіл бөлініпті. Осы ретте Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі үздіктердің қатарында. Еңбегі еленгендерің арасында кинотуындының бас продюсері Әлия Назарбаева да бар.
Әлия Назарбаева, «Анаға апарар жол» фильмінің бас продюсері:
-Осы кино арқылы бір отбасының ғана емес, қазақ халқының қандай қиындықты бастан кешіргенін көрсеткіміз келді. Елбасының қолынан осындай сыяпат алғаныма және біздің фильмнің бағаланғанына ризамын.
-Осылайша, ел бойынша, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен 1600-ден астам адам түрлі орден, төс белгімен марапатталды. Оның 44-іне ғана сыйлықты Елбасының қолынан алу құрметі бұйырды. Президент резиденциясынан бақыттан басы айналып шыққан олардың қуанышында шек жоқ. Ал Ұлық мерекеге орай ел тұрғындары 4 күн демалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!