Елімізде жаңа жыл қарсаңында азық-түлік қымбаттап кетті
Елімізде жаңа жыл қарсаңында азық-түлік қымбаттайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бағаның өсуі заңды құбылыс. Алайда, қараша халық қазірдің өзінде базардағы баға шарықтап кеткенін айтады. Мәселен, Ақтауда екі аптаның ішінде тауық еті 50 пайызға қымбаттаған. Тіпті, үнемдеуге көшкен тұтынушылар дүкенге сирек бас сұғады дейді кәсіпкерлердің өздері.
Автор: Мақсат Мәлік
19.12.2018
Шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген Ерлан Сатыбалдиев қымбатшылықтың кесірі кәсіпкерлерге де тигенін айтады. Себебі, соңғы кездері дүкен сөресіндегі бағаның құбылуына наразы тұтынушылардың қатары артқан. Тіпті, кейбір азық-түлік құны жарты жылда 30 пайызға шарықтады дейді кәсіпкер.
Ерлан Сатыбалдиев, кәсіпкер:
- Тауық еті, жұмыртқа, сүт өнімдерінің бағасы біраз өсті. Аптасына 10 теңгеден өседі. Өйткені, әдейі өзіміз көтеріп жатқан сияқтымыз. Бірақ, бұл біздің себеп емес. Тауар өндірушілер қалай бағасын қояды, біз де солай өсіреміз.
Жығылғанға жұдырық демекші, Ұлттық экономика министрі жаңа жыл қарсаңында азық-түліктің тағы қымбаттайтынын ескертті. Бірақ, кәсіпкерлердің баға саясатына Үкімет араласпайды дейді министр.
Тимур Сүлейменов, Ұлттық экономика министрі:
- Сұраныс жоғары болған жерде баға да өседі. Таң қалатын жағдай емес. Мысалы, жазда қонақүйдің құны шарықтайды. Сол сияқты қыста қиярдың бағасы қымбат. Бұл нарық. Шағын дүкені, бизнесі бар адамдардың қолындағы дүние. Оны Үкімет, министр қолдан жасап отырған жоқ.
Министр айтып аузын жиғанша Астанада нағыз дүрбелең басталғандай. Базардағы бағаға таң қалған тұтынушы тұрмақ сатушылар да бұдан бұрын арзанға саудалап келгенін мойындады.
Сатушы:
- Бұған дейін арзан болған. Қазір бәрі, алма, құрма бағасы көтеріліп кетті.
Ал, Ақтаудағы баға саясаты тіптен сорақы. Тауық етінің келесі мың жарым теңгеден саудалануда. Екі апта бұрын 500 теңгеге арзан болыпты. Қызанақтың бағасы екі есе өсіп, 700 теңгеге жеткен. Ал, қазір 450 теңгеге бағаланған қиярдың келісі мың теңгеге дейін өсуі мүмкін дейді сатушылар.
Бибісара Ұбанова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Бұрынғы 430-440 теңгеден алып жүрген сүттерімізді 450-ден алдық. 10 теңгеге қымбаттаған. Аззандайтын ештеңе жоқ. Бұдан көтеріледі. 3-4 қалғанда тіптен қымбаттайды. Алған айлығымыз жетпейді. Тамақтан ауыспайды.
Демек, жаңа жылдағы мерекелік дастарханға азық-түлік алатындар базарға бармас бұрын қалтасындағы қаржысын тағы бір санап алса артық етпейді. Бірақ, министр бағаны қолдан құбылтып, шектен шыққандар жауапқа тартылады дейді. Онда да тұтынушы тарапынан шағым түсуі қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!