Жаңа жылдан бастап коммуналдық төлемдер орта есеппен мың теңгеге арзандайды
Ұлттық экономика министрлігінің есебі осындай. Алайда тариф құны төмендеді деген алдамшы сөз дейді тұрғындар. Өйткені, коммуналдық төлем құнымен бірге пәтердегі жылудың азайып бара жатқанын айтып шағымданып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
20.12.2018
Валентина Рукавишникованың Петропавлдағы шағын асханасына келетін жұрттың қарасы аз. Ішкі температура 10 градустан аспайды. Ауқаттануға келген бірен-саран адам сырт киімін шешпестен отыруға мәжбүр. Үйінде де жағдай осы. Жылу ақысын бар-жоғы 1 пайызға төмендеткен екен, енді дірдектеп отырмыз дейді.
Валентина Рукавишникова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Батареялар әрең жылу беріп тұр. Өйткені, жылу желілерін тарататындар байқатпай температураны төмендетіп жіберген. Үйдегі есептеу құрылғысының көрсеткіштері күнде өзгереді. Суық. Міне, асханада да жаурап жүрміз.
Елбасының Қауіпсіздік Кеңесіндегі қатаң сынынан кейін жылу бағасы Ақмола, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында бірден арзандатылған еді. Ал қалғандарында келер жылдан басталмақ. Оны былай есептеуге болады.
Мысалы, жалпы аумағы 60 шаршы метр 2 бөлмелі пәтерде үш адам тұратын болса, айына төленетін коммуналдық төлемнің орташа құны мына өңірлерде мың теңгенің айналасында арзандайды. Соның арқасында, айталық шымкенттік шағын отбасы бір жылда 10 мың теңгеден астам ақша үнемдейді. Барлығын қоса алғанда ел тұрғындарының 27 жарым миллиард теңгесі қалтасында қалады.
Ұлттық экономика министрлігі небәрі 40 күннің ішінде осыншама қыруар шаруаны тындырып, миллиардтарды халықтың қалтасына қайтарып беріп отыр.
Серік Жұманғарин, Ұлттық экономика вице-министрі:
-Кейбір өңірлерде бірінші қарашадан бастап біз жұмысты бастадық. Үш өңірде. Тұтынушылар осы желтоқсан айының 25-іне дейін сезеді. Қалғандары енді ақпан айында сезеді.
-Коммуналдық төлемдерден бөлек қызмет көрсету түрлерінің де біраз құны түседі. Мәселен, Астана мен Атырау облысынан бөлек 15 өңірде пәтер иелері кооперативі қызметтері арзандайды. Ал Павлодарда қоқыс тасу қызметінің ақысы 25 пайызға дейін азаюы тиіс. Ал Алматы қаласы мен Қостанай облысының тұрғындары жаңа жылдан бастап жылу ақысын еліміздегі ең қымбат тарифпен төлейтін болады. Бұл өңірлерде шаршы метрі үшін 140 теңгеден келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!