Елімізде -38 градус аяз болмақ
Қыс қаһарына мінді. Табиғаттың тосын мінезі Арқа мен Алтай жұртын әуреге салуда. Күн райының қолайсыздығынан Астанада ұшақтар кестеден кешігіп жатыр. Осы Елордада, сондай-ақ Қарағанды мен Шығыс Қазақстанда қатты аяздың кесірінен мектептерде оқу процесі тоқтады. Әзірге 1 мен 9 сынып аралығындағы оқушылар үйлерінде білім алуда. Демалыс күндері күн райы қалай болмақ, оны тілшіміз айтып берсін.
Автор: Руслан Әбдіхалық
21.12.2018
Сақырлаған сары аяз Шығыстың жұртын шырғалаңға салды. Бородулиха, Бесқарағай аудандарында сынап бағанасы рекордтық деңгейге жетті. Мұнда күндіздің өзінде минус 36 градусты көрсетіп тұр. Қатты суықтан Өскемен мен Семейде және өңірдегі бірнеше ауданда оқу процесі үзілді. Әзірге 9-шы сыныпқа дейінгі оқушылар үйлерінде қамалып отыр. Олар уақытша әлеуметтік желі арқылы білім алатын болады.
Біржан Бұлабаев, Семей қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Қыстың күні, ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ тоқтатылған кезде, қашықтық түрде мұғалімдер оқушылармен және ата-аналармен байланысқа шығады. Интернет желісі арқылы кез-келген оқушыға тапсырма береді. Олар оны орындап, жіберіп кері байланыс жасап отырады.
Аяздан Астана мен Қарағанды оқушылары да білім ошағына бара алмай жатыр. Ал кеше осы кеншілер қаласында температураның қатты төмендеуінен құбыр жарылып, 150-ге жуық көпқабатты үй жылусыз қалды. Жүздеген тұрғын таңға дейін жаурап, кірпік ілмей шығыпты. Коммуналдық мекеме түннен бері ақаумен алысып жатыр. Әзірге ел-жұртқа болар-болмас жылу ғана жетіп тұр.
Мария Ли, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Қазір электр жылыту батареяларын қосып, амалдап отырмыз. Бөлмелер қатты салқындап кетті. Әзер түнеп шықтық. Міне пәтерде осылай қалың киініп, ал түнде қабат-қабат көрпе жамылып шықтық.
Қақаған суық әуе қатынасын да қиындатты. Кешеден бері Астана әуежайында ұшақтар бірінен соң бірі кестеден кешігуде. Бүгіннің өзінде алты әуе кемесі көкке көтеріле алмай тұр. Уақытынан жаңылған әуе техникалардың бәрі «Эйр Астана» компаниясына тиесілі. Ал серіктестік өкілі ұшақтарды қауіпсіздік үшін әдейі ұшырмадық дейді.
Тілек Әбдірахымов, «ЭЙР АСТАНА» АҚ менеджері
-Минус 28-ден төмен болса температура, біз мұздануға қарсы сұйықтықпен ұшақтарды өңдей алмаймыз. Бұл қауіпсіздік мәселесі. Біз өңдемесек ұшақ құлап қалуы мүмкін. Өйткені ол жерде тұман деген нәрсе де болған.
Оңтүстік жұртына да арқаны кеңге салуға болмайды. Мәселен: ертең, арғы күндері Жамбылда күн суытады деп болжануда. Қар жауып, тұман түседі және жел тұрады. Синоптиктер демалыс күндері Астана, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Түркістанда ауа температурасы минус 38-ге бір-ақ түседі деп жорамалдайды. Демек аяздың салар әлегі әлі де алда болғалы тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!