Қарағандыда атышулы «Бесобаның» бұрынғы тұрғындары шу шығарды
Қарағандыда жеті жылдай бұрын жермен-жексен болған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің бұрынғы тұрғындары әлі босып жүр. 120-ға жуық отбасы сол кезде уәде етілген баспанаға сол күйі кіре алар емес. Бюджеттің миллиардтары бөлінсе де, қарағандылық атқамінерлер аты «Шапағат» деп өзгерген кешендегі жаңа ғимараттың құрылысын сағызша созып отыр. Олардың айтуынша, мемлекет бөлген қаржы жетпей жатыр екен. Сондықтан демеуші іздеп сандалып қалыпты.
Автор: Саят Сабдалы
21.12.2018
Бақытжамал Ыбыраеваның көптен күтіп жүрген пәтері осы. Жүрдім-бардым жасалған сиқын көріп кейісе де, баспанаға көшіп кіруді аңсайды. Өйткені үйі сүріліп тасталғалы бері қала шетіндегі қуықтай пәтерде тұрып жатыр. Онымен қоса баяғы «Бесоба» үшін алған 6 миллион теңге несиені де төлеуге мәжбүр.
Бақытжамал Ыбыраева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Кредитті 20 жылға алдық, қалған 10 жылы бар. 25 мыңнан ай сайын төлеп жатырмыз. Не пәтереміз ештеңеміз жоқ, қолымызда тек бір жапырақ қағаз ғана бар. Но қаншама шыдауға болады. Қашанғы орамалмен аузымызды, бетімізді басып қашанғы жүреміз.
Баспана күтіп сарғайғандардың осы жылдары арыз-шағым жазбаған жері жоқ. Кейбірі сотқа да жүгініп әуре болған. Бірақ шенеуніктер сметада көрсетілген қаражаттың инфляцияға байланысты жетпей қалғанын айтады. Сондықтан қосымша инвестор іздеп жүріп қалыпты. Әрең таптық дейді.
Жақсылық Шалабеков, Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Екінші инвестор – көмір компаниясы. Келісім - шарт бойынша, олар құрылысты аяқтайды. Өздеріне тиесілі баспананы қоса салуға рұқсат алады. Осылайша есептесеміз. Құрылысты бастаған инвестор кейіннен оны аяқтауға қауқары жетпей қалды. Өйткені құрылыс материалының бағасы өсті.
Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың ақпанында Бесобадағы 7-ші үй жермен-жексен болған еді. Артынша, қалған 3 үй де апатты деп танылды. Салынбаған 2 үйге алдын ала ақша құйғандар да жер сипап қалды. Полиция мердігер компания өкілдерін әлі таппады. Ал апатты үйді қабылдаған шенеуніктер істі болғанымен, тегіс түрмеден сытылып кетіп, бостандықта жүр. Ұлардай шулаған жұртқа Үкімет резервінен 2 миллиард теңге бөліп баспана салып бер деген. Алайда бергенді ұқсата алмаған жергілікті биліктің сан сылтауы таусылар емес.
Мемлекет берген 2 миллиард теңгені таусылып қалды деп, ауыздарын қу шөппен сүрткен биліктегілердің 7 жыл бойы салып келе жатқан баспанасының түрі мынау. Осыған байланысты халықтың да шыдамы шегіне жеткен. Сондықтан шенеуніктер тұрғындармен кезекті рет кездесіп, пәтерлерге бір аптадан кейін кіресіңдер деген кезекті уәдесін берді. Бірақ, есік терезесі аңғал саңғал, еденінен шаңы шығып жатқан баспанада жаңа жылды тойлайсыңдар дегенге есі дұрыс адам сенбей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!