Алматыда адамның аяғын басты деген тепловозға қатысты жаңа дерек шықты
Машинист ешкімді көрмеген! Алматыда тепловоз адамның аяғын басып кетті деген ақпаратты жүк тасымалдайтын компания теріске шығарды. Олар тепловозда ешқандай қанның ізі де қалмаған деп өздеріне шаң жуытар емес.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.12.2018
Айдос Тәңірбергенов, «Жолашар-ТЖ Сервис» ЖШС бас инженері:
- Сол күні жұмыс істеген машинистен сұрадық. Ол ешкімді көрмегенін, ешқандай дауысты естімегенін айтады. Тепловозды да тексердік. Қанның ізі жоқ. Жалпы, ол жер қауіпті аймақ. Адамдардың өтуіне тыйым салынған. Тексеріс жүріп жатыр. Оқиғаның жай-жапсары тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға 21 желтоқсанда Райымбек пен Байзақов көшелерінің қиылысындағы теміржол өткелінде болған. Олар сол аумақтан қаңсырап жатқан жігіттің көмек сұраған даусын естіп, бірден жедел жәрдем шақыртыпты. 36 жастағы жігіт ауруханаға мең-зең күйінде түсті дейді дәрігерлер. Ақ халаттылар оң аяғының төменгі бөлігі жұлынып кеткен науқасқа бірден ота жасапты. Бір аяғынан айрылған ер азаматтың ішімдік ішпегені де анықталды. Ал қала ішіндегі шойын жолдың жанында қан іздері сол күйі тұр. Теміржол маңында арнайы қоршау да жоқ. Адамдар қауіпке бастарын тігіп, өтіп жатыр.
Ермек Желдібаев, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Балтырдың төменгі үштігі мыжылып кеткен. Науқас оқиғаның қалай болғаны туралы ештеңке айтқан жоқ. Жарақаттың сипаты бойынша теміржол астында қалғанға ұқсайды. Дөп басып айту қиын. Аяғының төменгі үштен бір бөлігі алынғаннан кейін мүгедек болып қалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!