{metadescription}
Алматыда жалақысын даулаған жұмысшылар ереуілге шықты
Алматыда жалақысын даулаған жұмысшылар ереуілге шықты

Алматыда жалақысын даулаған жұмысшылар ереуілге шықты

Алматыда 30 шақты құрылысшы үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Адал еңбекақысын сұрап, компанияның табалдырығын тоздырған жұрт бүгін  наразылықтарын білдіруге тағы жиналды. Жаңа жылды қалталарында көк тиынсыз, тіпті ашқұрсақ қарсы аламыз ба деп қорқады. Бұларды жалдаған мердігер компания басшылығы жанайқайымызға құлақ аспайды, - дейді.

Мына 30 шақты құрылысшы шығыс айналма  жолының бойында  «Восточка»  тұрғын үй кешенінің іргесін қалаған.  Барлығы «Сәулет 17» компаниясында бірнеше жыл жұмыс істесе де, бірақ мердігермен араларында келісімшарттары жоқ. Дәнекерлеуші Сәрсенбай Шәйменов алты баламен жақын күндері жалдамалы пәтерінен қуылып, далада қалам ба деп қорқады.

Сәрсенбай Шәйменов, дәнекерлеуші:

- Бізде 60 адам бар еді, бір нешеуі кетіп қалды айлық дұрыс болмаған соң. Мінекей сентябрь айынан бері  зарплата жоқ, күнде келіп кетеміз. Ертең береміз арғыкүні береміз дейді. Қарызданып отырмыз, осы жердегілердің 80-90 пайызы квартирада тұрады. Күнде проезбен барып келеміз. 7/30 кредит бар әрқайсымызда, қазір міне банктен маған звандады төлеңіз төлеңіз деп.

Құрылысшылардың айтуынша, жұмыс берушілер олардың әрқайсысына кемі 100 мың нан 200 мың теңге қарыз. Олар мына көп қабатты үйлердің бетонын құйып, арматураларын бекітіпті. Арасында сылақ жұмыстарын жүргізгендері де бар. Жұрт жаңа жылды тойлауға дайындалып жатқанда біз жалақымызды даулап сабылып жүрміз дейді жұмысшылар.

Әділ Әбидолда, құрылысшы:

- Өзіміздің елімізде, өзіміздің жерімізде жүріп өз табысымызды ала алмай жүрміз. Жалғыз мен емес мына халық өз еңбегін ала алмай жүр. Біз кредит, қарыз сұрап отырған жоқпыз. Бір басшы мына жерде ойланып жүрген жоқ, «мына бауырым қайда кетіп бара жатырсың, ақшаңды алып жатырсың ба» ондай ешкімде жоқ.

Яғни бас мердігер жалақысын даулағандарды елемей келген. Тек біздің арна тілшілері араласқаннан кейін ғана олар құрылыс басында пайда болып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

Михаил Кудряшов, «Сәулет 17 » ЖШС бас директоры:

-  Қазір құрылыс басында қиындықтар болып тұр. Қаржының жетіспеуінен құрылыс жұмыстары да тоқтап тұр. Құрылысшыларға нақты қанша қарыз екеніміз әзірге белгісіз. Көп ұзамай бұл мәселелер шешіліп, осы аптада жұмысшылардың жалақыларын ұстатамыз.

Осылайша уәдені үйіп-төккен компания басшысы жумысшыларға сабыр сақтап, уақыт беруін сұрайды. Ал бос уәдеге сенуден қалған құрылысшылар еңбекақыларын алмаса, тағы ереуілге шықпақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.