Астанада қатты аяздан автобустар тоқтап қалып жатыр
Қала маңындағы ауылдарға қатынайтын қоғамдық көліктер суыққа шыдамаған. Салдарынан қаншама адам үйлеріне жете алмай аязда әбден әбігерге түсті. Автобустар тек бүгін қайта жүре бастады. Ал Премьер-министр қарамағындағыларды жинап: «жұртты жаңа жылда жауратып алмаңдар» деп бұйырды.
Автор: Жәудір Оразхан
25.12.2018
Кеше кешке «Қараөткел», «Қосшы», «Лесная поляна» сынды Астананың іргесіндегі 27 елдімекенге қатынайтын автобустар мүлдем тоқтап қалған болатын. Өйткені, қалалық төтенше жағдай департаменті қолайсыз ауа райына байланысты жолдарды жауып тастаған.
-Автобустардың өзін тоқтатып тастаған аязға адамдардың шыдауына тура келді. Аялдамаларда бүрсең қаққан жұрт үйлеріне жете алмай қиналғандарын айтады. Егер ауаның температурасы қазір 30 градустан төмен екенін ескерсек, мұндай суықта сағаттап автобус күтпек түгілі 5-10 минут далада тұрудың өзі оңай емес.
Далада қалғандардың арасында үсік шалғандар да бар. Бүгін Елордада 7-і адам ауруханаға түскен.
Николай Ли, Астана қаласының тұрғыны:
-Мен таңғы 7-де жұмысқа шығамын. Бүгін бір сағат аялдамада тұрдым. Автобус келмеді. Кешігіп қалған соң, жұмысқа бармадым. Қазір де автобус тосып отырмын. 303 әлі жоқ.
Астанадағы қоғамдық көліктерге жауапты «Астана ЛРТ» компаниясы автобустар әлі талай тоқтауы мүмкін дейді. Яғни, аяз күшейген күні жолдар жабылса, қоғамдық көлік те жүрмей қалады.
Бейбіт Есжанов, «Астана ЛРТ» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:
-Егер қазір трассаны жауып тастаса, әрине, тағы автобустар тоқтайды. Оған біз ештеңе істей алмаймыз. Тек адамдарға алдын ала ескерту керек. Осы жолы Көкшетау, Павлодар, Қарағанды бағытында қозғалыс шектелді. Ал автобустар қысқа дайын.
Бүгінгі Үкіметтегі жиында да жылу беру жүйесіндегі мәселелер де сөз болды. Энергетика министрінің айтуынша, еліміздегі электр станцияларында 4 млн тонна көмір және 112 мың тонна мазут бар. Яғни, ешкім үйде, жұмыста тоңбауы тиіс. Ал Үкімет басшысы жаңа жылда жұртты жауратып алмаңдар деп әкімдерге қатаң ескертті.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Алдағы мерекелік күндерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға жылумен, энергиямен жабдықтау ұйымдарын қажетті көлемде отынмен, қажетті материалмен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды, қосымша техника тартуды, кезекшілікті ұйымдастыруды тапсырамын. Бұл күндері халыққа керегі біздің айтқан жылы сөзіміз емес, нақты ісіміз – үйлерінің жылы болуы.
Аязды күндер әлі алда. Астаналық төтенше жағдай департаменті мемлекеттік мекемелер, оқу орындары, сауда орталықтарында жұмыс күнін қысқаруға кеңес берді. Ал жедел медициналық жәрдем, өрт сөндірушілер мен коммуналдық қызметтің жұмысы тоқтамауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!